Еліміздің ауыл шаруашылығы өнімдері Қытайға экспортталады

12 Мая, 2018, 14:16 417
Еліміздің ауыл шаруашылығы өнімдері Қытайға экспортталады |  | BNews.kz

Қазіргі уақытта Ақмола облысы, Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстарынан 67 астық қабылдау пункттерінен жөнелтуге рұқсат етілген.

Қытай Халық Республикасы Шэньси провинциясы Сиань қаласында ШЫҰ-ға мүше елдердің арасында трансшекаралық эпизотиялық аурулармен күрес және мониторинг жүргізу бойынша конференция өтуде, деп хабарлайды BNews.kz.

Конференция аясында Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев пен Қытай Халық Республикасы Бас кеден басқармасының төрағасы Ни Йефэн Қытайға рапс күнжарасын экспорттау туралы фитосанитариялық талаптар туралы хаттамаға қол қойды.

"Сондай-ақ қытайлық тарап Қазақстанның 5 облысы (ШҚО, Алматы, Жамбыл, Қызылорда және Оңтүстік Қазақстан облыстары) вакцинациялау арқылы аусылдан босатылған таза аймақ мәртебесін алғанын атап өтті. Соның нәтижесінде Қазақстаннан ветеринарлық сертификаттар бойынша Қытайға мал өнімдерін және тірі жануарларды жеткізу мүмкіндігі туды. (2016 жылы ҚХР Қазақстанның 9 аймағына вакцинациясыз аусылдан босатылған таза аумақ мәртебесін берді). Нодулярлы дерматитке қатысты шектеулер еліміздің барлық аумағынан алынды, бұл жақын арада ҚР-дан ҚХР-ге экспортталатын сиыр етіне қойылатын ветеринарлық талаптар туралы хаттамаға қол қоюға мүмкіндік береді", - делінген ведомствоның хабарламасында.

Экспорттаушы кәсіпорындар тізіміне енгізілетін қытайлық сарапшылардың арпа және жүгері өндіретін қазақстандық кәсіпорындарға тексеру жүргізуі жөнінде келісімдер жасалды.

Жұмыс сапары барысында Өмірзақ Шөкеев Қытай Халық Республикасының партиялық және үкіметтік ұйым басшыларымен кездесті. Тараптар өзара сауда-саттықтың "Бір белдеу – бір жол" жобасы аясында оң көрсеткішке ие болғанын атап өтті.

"Қазақстанмен ынтымақтастыққа мүдделі бизнес-компаниялардың қатысуымен дөңгелек үстел форматында өткен жиында ауыл шаруашылығы министріне республикамыздан Қытайға импортты одан әрі дамыту туралы сұрақтар қойылды. Атап айтқанда, табиғи шикізаттан витаминдер мен косметика өндіретін «Shaanxi Golden Crown Farming» фермасы 100 тонна ланолин өндіру үшін Қазақстаннан 5 мың тонна қойдың жүнін сатып алуға қызығушылық танытуда. Ал «Xian Silk Road» компаниясы басшылығы Қазақстанның ҚХР-ге бал импорттауға арналған жеткізушілер тізіміне енгізу рәсімінің аяқталуын асыға күтуде. Аталған кәсіпорын Шығыс Қазақстан облысынан 1000 тонна бал өнімдерін жеткізу туралы келісімшартқа ие. «Shaanxi Food and Agriculture» компаниясы қуаттылығы 40 мың тоннаға дейінгі ет фабрикасын салуды жоспарлап отыр, компания өкілдері өндіріс орнын таңдау үшін Астана мен Алматы қалаларына барып, қазақстандық серіктестермен келіссөздер жүргізді", - деп атап өтті ведомстводан.

Қытай – тек географиялық жақын орналасқан көршіміз ғана емес, біздің ауылшаруашылық өнімдерін сату үшін үлкен нарыққа ие Қазақстанның стратегиялық серіктесі. Ынтымақтастықтың барлық салаларында серпінді дамып келе жатқанын сеніммен айтуға болады. Оған дәлел, бірнеше жыл бойы қытай нарығына қазақстандық өсімдік майы мен ұн өнімдерін жеткізіп келген Aiju компаниясы. Қазақстандық делегация астық пен майдың қайта өңделуімен жасалған, маркерленген "Қазақстанда жасалған" белгісі қойылған өнімдермен танысты. Мұндай өнімдер қытайлықтар арасында үлкен сұранысқа ие екендігін атап өту керек.

Қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдері экспортын арттыру мақсатында Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Қытайлық тарап арасында осы уақытқа дейін балық өнімдерін, асыл тұқымды жылқы, мұздатылған қой, бал, бидай, кебек, соя және сойылған жылқыларды тасымалдау бойынша хаттамаларға қол қойылған болатын.
Осы жылы қытайлық тараппен сиыр етіне, сойылған ұсақ малдар, бір өркешті түйелерге ветеринарлық талаптарды және арпа, жүгері, зығыр, бұршақ, сафлор және қауын тұқымдарына (асқабақ тұқымы, қарбыз, қауын) фитосанитариялық талаптарды келісу жоспарлануа.

Бұдан басқа, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Павлодар облыстарынан астықты жөнелтуге рұқсат алу жөнінде келіссөздер жүргізілуде. Қазіргі уақытта Ақмола облысы, Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстарынан 67 астық қабылдау пункттерінен жөнелтуге рұқсат етілген.

Сондай-ақ, қазақстандық аграрлық ғалымдар тобы Янлин деп аталатын ғылыми-өндірістік әкімшілік ауданында ауыл шаруашылығы өндірісінің алдыңғы қатарлы технологияларды пайдаланатын кәсіпорындардың жұмысымен танысуда.

olshem.kz

Рекомендуем
Димаш Құдайберген "The World's Best" шоуында америкалық тыңдармандарды таңдандырды 13981

Похожие новости