Елорда мектептерінде оқушыларға арналған озық технология енгізіле бастады

08 қараша, 2018, 11:12 3359 Астана
Елорда мектептерінде оқушыларға арналған озық технология енгізіле бастады

Астанадағы білім ордаларында "Smart мектеп" жүйесі кеңінен қолданыла бастады.

Оқушылар арнайы картаның көмегімен қоғамдық көлікте жол ақысын төлеуге, мектепке кіріп-шығуға және асханада төлем жасауға мүмкіндік алды, деп хабарлайды BNews.kz 24 kz-ке сілтеме жасап.

Енді Астаналық мектеп оқушылары арнайы картамен мектепке кіріп, соның көмегімен шығады. Асханадан тағам алу үшін де озық жүйені қолданады.

"Бұрын ата-анам берген ақшаны жиі жоғалтып алатынмын. Әсіресе әмианым үнемі қолды болатын. Ал қазір қажетті қаржыны арнайы картаға салатын болдық. Соның көмегімен өзіме керек төлемдерді жасаймын",  - дейді 11 сынып оқушысы Амели Кошбас. 

Білім ордаларына "Smart мектеп" жүйесі енгізілгелі әлімжеттік де азайған. Ата-аналар балалардың қауіпсіздігі үшін алаңдамайтын болды. Олардың мектепке қай уақытта келіп, қай уақытта кеткенін смс-хабарлама арқылы біліп отырады.

"Ата-аналарға СМС түрінде хабарлама барып отырады. Бала қашан келді, бала қай уақытта шықты. Ол сабақ уақытында шығып кетті ме, әлде сабақтан кейін шықты ма, қандай көлікке, қай уақытта отырды деген сияқты қауіпсіздік шараларына өте қажетті", - деді мектеп директорының ғылыми-әдістемелік жұмыс бойынша орынбасары Зәмзәгүл Кенжеахметова.

Озық жүйе оқушылар үшін де оңтайлы болған. Ақпараттық маңдайшадан әрбір білімгер сабақ кестесін, үйірмелер мен спорттық секциялардың өтетін күнін біле алады.

"Егер сіз мектепке жаңадан келген оқушы болсаңыз, мектепте қандай спорттық секциялардың барын білесіз. Яғни спорттық секцияның түрі және оның қай күні болатыны", - деді 6 сынып оқушысы Рамазан Нұржанов.

Арнайы карталар оқушыларға қыркүйек айында тегін таратыла бастады. Осы аралықта барлығы тың жобаны толықтай меңгеріп алған. Картаны толтыруға арналған жабдықтар да мектептің кіреберісіне қойылыпты.

"Бұл пилоттық жоба болғандықтан, кем-кетігін тексеріп жатырмыз. Ұстаздардың, оқушылар мен ата-аналардың талап-тілегін ескеріп, жобаны жетілдіруді көздеп отырмыз. Жоба авторлары келешекте арнайы карталарды қолсағатқа  ауыстыруды жоспарлап отыр. Одан бөлек төлем жасау аясын кеңейтуді де көздеген. Өйткені цифрлық технологиялар – ертеңгі күннің талабы", - ғылыми орталық директоры Альбина Жұмашева. 

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар