Елордада мүмкіндігі шектеулі жандар спортпен тегін шұғылдана алады

16 Января, 2019, 18:08 2025
Елордада мүмкіндігі шектеулі жандар спортпен тегін шұғылдана алады |  | BNews.kz

Паралимпиадалық жаттығу орталығы мүгедектік дәрежесі әртүрлі адамдарға толық бейімделген.

Мұндай мүмкіндікті паралимпиадалық жаттығу орталығы ұсынады, деп хабарлады елорда әкімдігінің ресми сайты. Қалалық ортаны регенерациялау басқармасының ақпаратына қарағанда, мүмкіндігі шектеулі жандар паралимпиадалық жаттығу орталығында осы жылдың 1 қаңтарынан, "Тарлан" мұз айдыны аренасында 1 шілдеден бастап дене шынықтырумен, спортпен тегін шұғылдана алады.

"Осы спорт кешендерінде мүмкіндігі шектеулі барлық жандар жыл бойы ақысыз негізде спорттың алуан түрлерімен айналыса алады", - делінген басқарманың хабарламасында.

Паралимпиадалық жаттығу орталығы мүгедектік дәрежесі әртүрлі адамдарға толық бейімделген. Мұнда барлық халықаралық стандарттарға сәйкес келетін арнайы спорттық жабдықтар бар. Жаттығу залы Қараөткел ықшам ауданында орналасқан. Мұнда спорттың мына түрлерімен айналысуға болады: волейболды отырып ойнау, парадзюдо, паратаеквандо, парапауэлифтинг, голбол, арбадағы би, үстел теннисі, бочча, шахмат, ұлттық спорт сияқты спорт түрімен айналысуға болады. Сондай-ақ, мұнда дене шынықтыруға арналған жаттығу залы бар.  

Паралимпиадалық жаттығу орталығының спорт залдарында әрбір спорт түрі бойынша нұсқаушылар жұмыс істейді. Олар әр азамат үшін жаттығу  бағдарламасын даярлайды, келушілер үшін жеке және топтық сабақтар өткізеді, тамақтану бойынша кеңес береді. Сонымен қатар, орталықта ақпараттық және медициналық қызметтер де көрсетіледі. Тамақтану және демалыс аймағы да ұйымдастырылған.

Ал "Тарлан" мұз айдыны аренасында жаңғырту жұмыстары аяқталғаннан кейін осы жылдың 1 шілдесінен бастап хоккей, следж-хоккей, коньки тебу спорт түрлері бойынша қызметтер көрсетілетін болады. 

olshem.kz

Рекомендуем
Димаш Құдайберген "The World's Best" шоуында америкалық тыңдармандарды таңдандырды 13989

Похожие новости