Елордада "Нұр келбетті Астана" көрмесі ашылды

12 маусым, 2018, 16:56 2364 Астана
Елордада

Астананың 20 жылдығы қарсаңында ҚР Мәдениет және спорт министрлігі халықаралық "Нұр келбетті Астана" көркемсурет фестивалін ұйымдастырды.

Іс-шараның ашылу салтанаты ҚР Ұлттық музейі ғимаратында өтті, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.

Астана қаласының 20 жылдығы және "Рухани жаңғыру" бағдарламасын насихаттау аясында 6 маусымнан бастап қылқалам шеберлері Астана бойынша танымдық экскурсияға қатысып, Астананың көрікті жерлерін бейнеледі. Оған отандық қылқалам шеберлерімен қоса АҚШ, Еуропа, Ресей, Бразилия, және Азияның Жапония, Үндістан елдерінен үздік суретшілер қатысты. Олардың қатарында Ұлыбританияның Корольдік өнер қауымының мүшесі Александра Коннор, Жапонияның акварельмен бейнелеу өнерінің шебері Акира Мурата, Бразилиядағы Панамерика өнер мектебінің тәлімгері Жизель Улисс,  Үндістанның заманауи көркемөнер шебері Рам Вираньян, АҚШ Ұлттық өнер грантының иегері Артем Миролевич, Голландияның ретроспективалық көркемөнер шебері Димитрис Воязоглоу, сонымен қатар, Гүлмира Телғозиева, Бақтыгерей Телеубай, Амангелді Кененбаев, Нұрбазар Қожин, Қайыр Оразғалиев, Айнабек Оспанов, Тілеужан Батанов сынды әйгілі отандық суретшілер де бар.  

"Қаңтар айынан бастап біз жұмысты бастадық. Бұл жерде әлемнің  250-ге жуық  қылқалам шеберлері өздерінің жұмыстарын ұсынды. Солардың ішінен таңдап, саралап ең үздік деген суретшілерді шақырдық. Оның ішінде біздің отандық суретшілер де бар.  Ұлттық брендке арналған Астананы әлем суретшілері ішкі жан дүниесімен қалай көретіні, майлы бояу арқылы қалай бейнелейтіні үлкен қызығушылық туғызды. Мәдени ынтымақтастықты халықаралық деңгейде әрі қарай дамыту үшін осындай фестиваль белгіленіп, мемлекеттік, біздің ұлттық брендімізге айналған Астананың 20 жылдығының қарсаңында осындай үлкен шара өтіп отыр. Шетелдік қылқалам шеберлері Астанаға келіп, әсем қаланы өз көздерімен көріп, өз ойларымен, өз көзқарастарымен қылқалам өнері арқылы бөлісті. Яғни, осылайша сол туындылар бүкіл әлемге насихатталады. Яғни Қазақстанның ұлттық бренді болған Астананы әлемге насихатаудың бір көрінісі. Әлемнің бірнеше мемлекеттерінен келген өз істерінің мамандары осы жерде бірігіп, өздерінің жұмыстарын ұсынып отыр", - деді жоба авторы Сәбит Әбдіқалықов.

Суретшілер елорда жазының шуақты күндерінде қаланың көрікті аймақтарын, яғни, архитектуралық ғимараттар мен өнер, білім, мәдениет ошақтарын және көрінісі ғажап табиғат аясын бейнеледі. Фестиваль мақсаты – елорда қонақтарын оның 20 жылдық тариxымен, тариxи-мәдени кереметтерімен, қонақжай xалқымен таныстыру. Көркемсурет фестивалі шетелдік, ұлттық бейнелеу туындыларын көпшілік назарына ұсынып, өнер саласының даму деңгейі, бағыт-бағдары жайлы мамандардың, өнертанушылар мен шеберлердің пікірлесуіне мүмкіндік берді.

Жоба авторының айтуынша, барлық суреттер жұмсақ, жылы түстермен салынып, әсем Астананың көркін одан да аша түскендей әсер береді.

"Қарап тұрсақ өте жұмсақ  ашық түсті суреттер шықты.  Әр елдің өз қолтаңбасы бар. Мысалы батыстан келген және шығыстан келген суретшілердің әрқайсының өз көзқарасы бар. Суретшілерінің композициясы бірі -біріне ұқсамайды.  Негізі көбі Бәйтеректі салған. Астана қаласының символына айналған Бәйтерегімізге әр-түрлі көзқараспен келген. Керемет дүниелер салынды. Олар бір айға жуық осы мұражайда көрмеде тұрады. Сосын Ұлттық музейдің қорына тапсырылады, Астананың қорында қалатын керемет дүниелерді қабылдап алдық", - деді осы жоба авторы Сәбит Әбдіқалықов.

Көрмеде шет елден келген әр суретшіге Астана жылылық пен позитивті көңіл сыйлағаны ерекше атап өтілді.

"Шет елден келген 20 суретшінің бағыттары мен көзқарастары да әртүрлі. Мысалы Үнді елдері қанық бояуларды жақсы көрсе, Еуропа минимализмге баса назар аударады, Бразилиядан келген суретші жұмсақ бояулармен салғанды жақсы көреді. Әр қылқалам мектебінің өкілдері әртүрлі. Суретшілер 5-ші маусымнан бастап 9-на дейін картина салды. Соның ішінен іріктеліп шыққан туындылар көрменің көркін ашуда. Суретшілердің шығармашылығына қатысты ешқандай шектеу болған жоқ. Астананың тамаша келбетімен шабыттанған суретшілердің кейбірі 3-4 картинаға дейін салды. Бір қызығы әр суретшінің әрқайсысы Бәйтеркті әр-түрлі қабылдап, оны кенеп бетіне сан қырынан бейнелеп түсірген. Тіпті Астананың бұлттары да әр-түрлі. Келген суретшілердің бәріне Астана позитивті ой қалдырып,  жылылық сыйлаған. Суретшілердің тундысынан осы жылылықтың исі аңқып тұр. Оларға ешкім олай сал деген жоқ. Демек Астанамыздың өзі әр адамға өз жылылығын сыйлайды деген сөз. Бүгінгі  көрме соның дәлелі , - деді жоба ұйымдастырушысы Сұлтан Срайылов.

Басты мақсат осы халықаралық көрме арқылы Астананы бар әлемге таныту.

"Басты мақсат Астанамызды әлемге таныту. Сонымен қатар суретшілер осы суреттерді салғанынан бөлек, Астанамыздың керемет жерлерін өздері үшін салып, елдеріне әкетпекші. Олардың сайттарында тұрады. Олардың халықаралық көрмелерде тұрады. Астанамызды,елордамызды  мемлекетімізді таныту мақсатында жасалып отырған үлкен  іс-шара", - деді жоба авторы Сәбит Әбдіқалықов.

Көрме жыл сайын ұйымдастырылып, дәстүрге айналады деген жоспар бар. Осы көрме аясында елорданың жас суретшілері де біраз шеберлік сағаттарына қатысып, тәжірибе жинады. Халықаралық деңгейде өткен шара аясында Қазақ Ұлттық Өнер Университетінде оқытушылар мен студенттері және қалалық Оқушылар сарайында мектеп оқушылары көркемөнер саласының майталмандарынан шеберлік сабақтарын алуға мүмкіндік туды. 

"Іс-шара дәстүрге айналады деп ойлаймын. Көрменің маңызды тұстарының бірі тәжірибе алмасу болып табылады. Мысалы Оқушылар сарайында жас суретшілер үшін шеберлік сағаттары өтті. Бұл Астананың жас өскелең буыны үшін тамаша мүмкіндік деп ойлаймын. Олар шет елдік суретшілердің қолтаңбасын  көріп, олардың шеберлігімен танысып, сурет салу өнері техникасын көрді. Сондай-ақ Шабыт университетінен де студенттер мен суретшелер келіп, шеберлік сағаттарына қатысты. Яғни жастар әлемдік деңгейдегі сурет мамандарының шеберлік сағаттарын алу мүмкіндігіне ие болды. Бұл жастар үшін үлкен тәжірибе болып отыр. Олар өздері қылқалам өнері бойынша, жеке сауалдарына да жауап алды", – дейді жоба авторы Сәбит Әбдіқалықов.

Көрмедегі суреттердің ішінде Ұлыбританиядан келген суретші Александра Коннордың суретін ерекше атап өтуге болады. Оның айтуынша ол Астанаға келгенге дейін  қала туралы біраз мәлімет жинап, оқыған. Тіпті Астананың тұрғындары мен қаланы бүркіт ретінде  елестетемін деген ойын айтты.

"Мен Астанаға келер кезде біраз мәлімет іздедім, салт-дәстүрлерін қарадым, оқыдым. Домбыра туралы білдім.  Қазақ халқында бүркіт өте  қадірлі екенін ұқтым. Сондықтан бүркіт пен домбыра бейнеленген триптих салдым. Сіздер 20 жылдың ішінде осындай керемет қала салдыңыздар. Мен үшін Астана өсіп келе жатқан сан қырлы, өте әдемі қала.  Мен өте ескі және өте жаңа қалаларды жақсы көремін.  Егер сіздер алдағы 20 жылда да тағы да осылай дами беретін болсаңыздар, керемет жетістіктерге жетесіздер. Мен міндетті түрде Астанаға ораламын, мені шақырсаңыздар мен қуана-қуана келемін, - деді Ұлыбританиядан келген суретші Александра Коннор.

Жалпы суретшілердің алған әсері өте жоғары. Еуропалық суретшілердің айтуынша қала жаңа күш пен шабыт сыйлайды. Оны бүкіл әлем танып келеді. Айдан-айға, жылдан-жылға өсіп-өніп құлпыруда.

Көрмеде барлығы көрермен назарына 63 қылқалам туындысы қойылды. Көрмені бір ай бойы тамашалуға болады.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар


Материалды әзірлегендер: