Елордадағы ЭКСПО мерекелік алаңында төрт киіз үйден тұратын музей кешені жұмыс істейді - Жаңалықтар | BNews

Елордадағы ЭКСПО мерекелік алаңында төрт киіз үйден тұратын музей кешені жұмыс істейді

21 наурыз, 2018, 18:23 4537 Астана
Елордадағы ЭКСПО мерекелік алаңында төрт киіз үйден тұратын музей кешені жұмыс істейді

Астанада Наурыздың құрметіне мерекелік этноауыл ашылды.

Бүгін Астанада ЭКСПО көрме кешені аумағында орналасқан этноауылда көктемнің шуақты мерекесі – Наурыз мейрамына арналған кең ауқымды шаралар басталды. Қала қонақтары мен тұрғындары мерекелік алаңда төрт киіз үйден тұратын этнографиялық музей кешенін аралап, тамашалай алады, деп хабарлайды BNews.kz Астана қаласының мәдениет және спорт басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Бұл алаңда ертең, 22 наурызда сағат 10.00-ден 16.00-ге дейін халықтық серуендер өтеді.

Этноауыл қонақтары үшін ұлттық нақышта ойын-сауық бағдарламасы дайындады. Келушілерді қазақ халық ертегілерінің сүйікті кейіпкерлері қарсы алады, елордалық театрлардың әртістері ұлттық салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарды көрсетуде. Сондай-ақ сәндік-қолданбалы өнер, қыш, зергерлік бұйымдар және киіз басу шеберлерінің көрмесі өтіп жатыр.

Этноауыл сахнасында республика артистері мен шығармашылық ұжымдарының қатысуымен мерекелік концерт ұйымдастырылды "Сарыарқа" халық музыкасы ансамблі мен елорданың Мемлекеттік академиялық филармониясының "Қорқыт" дәстүрлі музыка тобы, ҚР еңбек сіңірген қайраткерлері Тамара Асар, Гүлзира Бөкейханқызы, "Дарын" мемлекеттік жастар сыйлығының иегері Нұрбол Балапанов, белгілі вокалистер Досымжан Таңатаров, Маржан Арапбаева, Дос, "Аламан" триосы, Перизат Тұрарова, Жазгүл Данылбаева, Күнсұлу Тұрлыбекова, Әйгерім Нартүйе, Айнұр Қонысбаева, Дәстүр Асылхан және басқа да танымал әншілер мерекенің көркін келтірді.

Бұдан басқа, жиналған қауым "Шалқыма" халық биі ансамблінің өнерін тамашалады.

Алаңның ортасына қойылған сыйымдылығы 1000 литрлік тайқазанда наурыз көже әзірленді. Сонымен қатар, арнайы жасалған фудкортта адамдарға ыстық палау, бауырсақ пен шығыс аспаздығының тағамдары ұсынылды. Елорда тұрғындары мен қонақтары 1775 жылы жасалған сыйымдылығы 200 литрлік шойын қазанды көре алды, оны осы күнге дейін ыстық тағамдар дайындау үшін пайдаланып келеді.

Жастар этноауыл аумағында алтыбақан тебуде. Мұнымен қоса, жиналған қауым асық ату, арқан тарту, армрестлинг пен гір көтеру сынды ұлттық ойындар мен жарыстарда күш сынасты. Спорттық аренада еліміздің кәсіпқой балуандарының қатысуымен қазақ күресінен сайыстар өткізілуде.

Әлемнің төрт дүркін рекордшысы, Гиннесстің рекордтар кітабының екі дүркін рекордсмені, Қазақстан рекордтар кітабының бес дүркін рекордсмені, аты аңызға айналған қазақ балуандары Қажымұқан Мұңайтпасов пен Балуан Шолақтың жолын қуған Сергей Цырульников баршаны өз өнерімен тәнті етті. Танымал спортшы мереке қонақтарының назарына ерекше номерлер ұсынды – кісен мен құлыпты бұзу, шегені қолмен шегелеу.

Қазақ халқы ежелден асырап келе жатқан тазы мен төбеттер көрмесі көпшіліктің қызығушылығын оятты. Сондай-ақ, сағатына 80 шақырымға дейін жүгіре алатын және аң аулау қасиетімен ерекшеленетін тазы иттер жарысы ұйымдастырылды.

Мерекелік алаңда төрт киіз үйден тұратын этнографиялық музей кешені жұмыс істейді. Киіз үйлердің бірінде VIII ғасырдағы ежелгі түркі жазбалары жазылған тас стеллалардың шынайы көшірмелері көпшілік назарына ұсынылған.

"Ұлттық музыкалық аспаптар музейі" киіз үйінде қонақтар домбыра, нарқобыз, дауылпаз, жетіген, сырнай және тағы басқа реконструкцияланған бұрынғы аспаптармен таныса алады, экскурсоводтар аталған аспаптарды жасау технологиясы мен мақсаты туралы айтып береді.

Ұлттық этнография және зергерлік бұйымдар музей-киіз үйінде келушілер қазақ халқының тұрмысындағы адалбақан, жағлан, кебеже, жүкаяқ және басқа да заттарды, сонымен қатар, антикварлық зергерлік бұйымдарды - сәукеле, өңіржиек, өңіртал, құдағи жүзік, белдік, асатаяқ, шашбауыр мен асыл металлдар мен тастармен әшекейленген басқа да заттарды тамашалай алады.

Төртінші киіз үй - "Ұлттық кілем өнімдері музейінде" еліміздің түрлі аймақтарынан әкелінген ескі түкті және түксіз кілемдер көпшілік назарына ұсынылған.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, ЭКСПО көрме кешенінің аумағында алғаш рет Наурыз мейрамы тойлануда. Наурыз мейрамын тойлауға келушілер ЭКСПО аумағында Наурыз көже мен бауырсақтан дәм тата алады.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар