Елордадан үш облысты аралауға салт аттылар экспедициясы жолға шықты

13 маусым, 2018, 11:19 1647 Астана
Елордадан үш облысты аралауға салт аттылар экспедициясы жолға шықты

Турдың жалпы ұзындығы – 600 шақырымды құрайды.

"Рухани жаңғыру" бағдарламасының және Астана қаласының 20 жылдығын атап өту аясында "Астана – ұлы дала елордасы" атты көпкүндік салт атпен жүріп өту экспедициясы басталды, деп хабарлады Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.

Экспедиция Ақмола, Павлодар, Қарағанды ​​ облыстарындағы ұлттық парктер Бұйратау, Баянауыл және Қарқаралы арқылы өтеді, турдың жалпы ұзындығы – 600 шақырымды құрайды. 10 адамнан құралған еріктілер тобы Сарыарқаның сары төсін басып өтіп, 10 күннен соң ат басын Қарқаралыға тіремек. Топ құрамында екі жасөспірім және екі мажарлық бар.

Сапарға аттанушы азаматтарды шығарып салу салтанатында сөз сөйлеген Мәдениет және спорт басқармасы басшысының орынбасары Берік Маржықпаев шерушілерге ақ жол, сәт-сапар тілесе, Ардагерлер кеңесі төрағасының бірінші орынбасары Өмірзақ Озғанбайұлы бата берді.

Ал Венгрияның Төтенше және өкілетті елшісі Барани Андраш сөз сөйлеп қазақ пен мажарлықтардың туыстас халық екенін, Мажарлықтар өздерін ежелгі қыпшақтардан тарағанбыз деп есептейтіндігін айта келе бабаларының ат тұяғының ізі қалған Сарыарқа төсімен жүріп өту бізге мақтаныш, бақыт деді. 

"Біз 10 күннің ішінде Бұйратау, Баянауыл және Қарқаралы ұлттық парктеріне тоқтаймыз деген ойдамыз. Жалпы, сапардың ұзындығы шамамен 600 шақырымды құрайды. Мен мұндай жобаға екінші жыл қатысып отырмын. Осы жобаға мұрындық болып отырған Берік Ақылбек ағамыз. Биыл біздің қатарымызда екі венгрлік азамат бар. Ата-баба жолымен жүріп өту, елдегі ішкі туризмге үлес қосу. Болашақта осындай салт атпен жүріп өтетін туристік бағыттар болады деген ойдамын", - дейді сапарға қатысушы Айдос Нұрақышев.

Топ жетекшісі Берік Ақылбек бұндай шараны 3 жыл қатарынан өткізуде, алғашқы салт атты шеруді 2016 жылы Қазақ елінің Тәуелсіздігінің 25 жылдығы құрметіне және былтыр халықаралық ЭКСПО көрмесіне арнаған.

Экспедицияға қатысушылар күніне жүз шақырым жүруді жоспарлауда, өздерімен бірге ас-су, далаға қонуға арналған палаткалар алған. Барлық керек-жарағымыз өзімізбен бірге дейді жігіттер. Мұндай іс-шараға сіз де қатыса аласыз, дәл осы жолғы экспедиция құрамында Павлодар, Ақмола, Қарағанды облыстарынан келген азаматтар бар.

Бұл іс-шара қазақстандық патриотизмді тәрбиелеуге және қазақстандықтардың қоғамдық санасында еліміздің Тәуелсіздігінің даму жолындағы елорданың тарихи рөлін нығайтуға бағытталған.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар