Елорданың коммуналдық қызметтері күшейтілген режимде жұмыс істеуде - Жаңалықтар | BNews

Елорданың коммуналдық қызметтері күшейтілген режимде жұмыс істеуде

23 наурыз, 18:09 2986 Астана
Елорданың коммуналдық қызметтері күшейтілген режимде жұмыс істеуде

Қазіргі кезде жеке сектор тұрғындары өз аумақтарынан шығарған қарды тазарту жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Астанада тасқын суларға қарсы шаралардың аясында қарды шығару жұмыстары аяқталу кезеңінде. Бүгінгі таңда жеке сектор тұрғындары өз аумақтарынан шығарған қарды тазарту жұмыстары жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды BNews.kz Астана әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Елорданың коммуналдық қызметтері қаладағы су астында қалған тұрғын үй алаптарында күшейтілген режимде суды сорғыштармен тарту жұмыстарын жүргізуде. Бүгін Астана әкімінің орынбасары Қосман Айтмұхаметов бастаған топ Сарыарқа ауданындағы бірқатар аумақты аралап, су басқан алаптарды анықтаған болатын. Мамандардың айтуына қарағанда, тұрғындардың өздері қарды дер кезінде шығармаған аудандарда үйлерді су басқан.

"Қазір қар аралас жаңбыр жауып жатыр. Ауа райы дұрысталғанда жұмысқа қайтіп кірісеміз. Арнайы техника сақадай сай. Сарыарқа ауданы бойынша келіп түскен өтініштер бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Көшеде немесе аулада жиналған су артық дегенде 5 сағаттың ішінде сорғыштармен тартылады.Мәселен, Оңтүстік-шығыс ауданында судың жиналуына нөсер су канализацияның жоқтығы себеп", - дейді мамандар. 

23 наурызда Оңтүстік-шығыс ауданынан қардың 430 текше метрі шығарылып, су өткізетін құбырлардың 550 метрі, арықтар мен нөсер су канализациясының 440 метрі тазартылды. Қарды шығару, суды сору жұмыстарына арнайы техниканың 70 бірлігі жұмылдырылды. 

Айта кетейік, қаланың коммуналдық қызметтері су басу қаупін жою мақсатында қазіргі таңда тәулік бойы жұмыс істеуде. Елорда тұрғындары су басу қаупі мәселесі бойынша 109 номері арқылы қаланың бірыңғай байланыс орталығына хабарласып, өзіне қажетті көмекті ала алады.