Елорданың үздік жас отбасы анықталды

Написать нам
22 қазан, 2018, 12:21 1654 Астана
Елорданың үздік жас отбасы анықталды

Шешуші сынға 10 отбасы жолдама алды.

Оқушылар сарайында "Үздік жас отбасы" байқауының финалы өтті, деп хабарлайды BNews.kz Астана қаласы әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Сайыстың іріктеу кезеңіне 70-тен аса отбасы қатысып, шешуші сынға тек 10-ы жолдама алған. Байқаудың қорытындысы бойынша Азат пен Әлия Жұмағұловтар үздік жас отбасы болып танылды, екінші орын Ерген мен Гауһар Кенжеғұловтарға, ал үшінші орын Бақтияр мен Шадияр Мұхамбетқалиевтерге бұйырды.

"Меніңше, мұндай байқаулар отбасын біріктіре түседі. Біз жеңеміз деп күтпедік. Расын айтсақ, біз ең соңғы кезде қатысуға өтініш бердік. Өте қуаныштымыз. Байқаудың арқасында біз бір-бірімізді жақсы түсінетін болдық", - дейді жеңімпаз отбасы.

Үздік отбасы байқауының шешуші сынына қатысушылар – әртүрлі сала өкілдері. Бірі әскери қызметкер, дәрігер, енді бірі музыкант, кәсіпкер немесе спортшы. Финалға шыққандар қатарында "Астана" ФК бұрынғы тәлімгері Бахтияр Мұхамбетқалиев, "Ұлттық Ұлан" оркестрінің музыканты Айдос Қодығанов, Ұлттық нейрохирургия орталығының нейрохирург дәрігері Ерген Кенжеғұлов бар.

"Біздің басты мақсатымыз жастарға тағдыр бастарына нендей сынақ салса да, бір-бірін жақсы көріп, жарасып өмір сүру", - дейді Бахтияр Мұхамбетқалиев.

Финал үш кезеңнен тұрды. Бірінші кезеңде әр отбасы өзінің жанұясын таныстырды. Барлық қатысушы өздерінің өнерін ортаға салды. Ән салу, өлең оқу, би және ерекше өнер түрі де көрсетілді. Екінші кезең сұрақ-жауапта 5 сұраққа жазбаша жауап беру керек, онда екі жас бір-бірін қаншалықты жақсы білетінін көрсету керек. Үшінші кезеңде жастар ыммен түсіну ойынын көрсетті. 

"Бүгін барлық жас отбасы үшін ерекше күн. Отбасы құндылығына әр кезде баса назар аудару керек, мықты отбасы мемлекеттің іргетасы", - деді қалалық қоғамдық даму басқармасының басшысы Данияр Есин.

Қонақтар қатарында Олимпиада жүлдегерлері, эстрада жұлдыздары, жастар ұйымдарының басшылары, қоғам қайраткерлері мен блогерлер болды.

"Бастысы әр отбасында өзіндік жылылық бар. Маған барлық отбасы ұнады, әр біреуі ерекше, бір-біріне деген сүйіспеншілік пен бірлік бар", - деді кеш қонағы Қыдырәлі Болманов.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, "Жас Ұлан" балалар-жасөспірімдер ұйымы Астана қаласының қоғамдық даму істері басқармасының тапсырысы бойынша, Астана қаласының жас отбасылары арасында "Үздік жас отбасы" байқауын жариялаған болатын.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар