Еңбекке жарамсыздық туралы парақты беру тәртібі толығымен автоматтандырылады

15 қаңтар, 2019, 18:41 2138 Астана
Еңбекке жарамсыздық туралы парақты беру тәртібі толығымен автоматтандырылады

Жұмыс беруші тиісті құжатпен электронды форматта танысатын болады. 

Үкімет отырысының қорытындысы бойынша өткен баспасөз конференциясы барысында еңбекке жарамсыздығы туралы парақты беру тәртібі және ХҚКО жаңа әзірлемелерінде биометрияны қолдану туралы "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы" КЕАҚ басқарма төрағасы Абылайхан Оспанов айтып берді, деп хабарлады primeminister.kz.

Оның айтуынша, адамдар өз еріктерімен беретін қазақстандықтардың биометрлік параметрлері бірқатар мемлекеттік қызметті алу кезінде электронды цифрлық қолтаңбаны алмастыра алады.

"Іске қосылған сәттен бастап шамамен екі аптада 1,5 мыңға жуық азамат өздерінің биометрлік деректерін берді. Келешекте мобильді үкіметті ауқымды түрде дамыту көзделген, онда қызметтер толықтырылады", - деді Абылайхан Оспанов.

Мемлекеттік органдарда, халықты жұмыспен қамту орталықтарында биометрлік параметрлерді пайдалануға деген қызығушылық артып келеді. Мәселен, Денсаулық сақтау министрлігі дәрі-дәрмектерді беру немесе қабылдау кезінде биометрлік параметрлер бойынша сәйкестендіруді жүргізуді жоспарлап отыр, осылайша дәл сол адамның дәрі-дәрмекті алғаны расталады. Қоғамдық қолжетімділік пункттерінде биометрияның көмегімен мекен-жай анықтамасын және жылжымайтын мүліктің бар/жоғы туралы анықтаманы, ал ХҚКО операторлары арқылы мемлекеттік корпорация ұсынатын барлық қызметтерді алуға болады.

Оспановтың айтуынша, биометрлік параметрлер әзірге Астана және Алматы қалаларында жиналып жатыр, ал 2019 жылы, шамамен қыркүйекке дейін, Қазақстанның барлық өңірін қамту жоспарланған.

Сонымен қатар, Абылайхан Оспанов бүгінгі таңда ауырып қалғанына байланысты еңбекке жарамсыздығы туралы парақты беру тәртібі толығымен автоматтандырылатынын айтты. Жұмыс беруші қағаз нұсқасын ұсынбаса да, электронды форматта таныса алады.

"Дәрігерге барғанда, ол сізге ауыруыңызға байланысты еңбекке жарамсыздығыңыз туралы парақша ашады, тиісінше, ақпарат денсаулық сақтаудың бірыңғай жүйесіне енгізіледі. Енді республикада аталған парақшаны беруді бақылаудың осындай жүйесі болады. Сіздің ауыруыңызға байланысты еңбекке жарамсыздығыңыз туралы ақпарат дереу жұмыс берушіңізге жіберіледі, осылайша қағаз түрінде апарып дәлелдеудің қажеті жоқ. Қолдан жасап апарған парақшаның автоматты түрде күші болмайды", - деді Оспанов.

Сондай-ақ, бүгінгі таңда некеге тұру мерзімін 30 күннен 3 күнге дейін қысқарту жоспарланып отыр. Бүгінде Министрлікте азаматтардың өздеріне қолайлы уақытты таңдауына мүмкіндік беру бойынша заңнамалық мәселе пысықталып жатыр.

Бұған қоса, қазақстандықтар жүргізуші куәлігін онлайн алмастыра алады. Қазіргі таңда 5 мыңға жуық азамат мамандандырылған ХҚКО-ға бармай-ақ, жүргізуші куәліктерін алмастырды. Сонымен қатар, автокөлікті онлайн тіркеу және қайта тіркеу қызметі де іске қосылды.

"Азаматтар өздерінің айыппұлдарын толығымен тексере алады, салықтарын көріп, оларды төлей алады және онлайн форматта автокөліктерін қайта тіркеп, сондай-ақ нөмірге тапсырыс бере алады", - деді ол.

Оспанов "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы азаматтардың пікірін тыңдауға және халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмысын жетілдіру бойынша ұсыныстарды қарауға дайын екендігін атап өтті. Осы мақсатта өткен жылы тиісті алаң құрылды, онда өзіне-өзі қызмет көрсету секторын жетілдіру, электронды кезекті қалыптастыру, бірыңғай сақтау орнын құру және т.б. қатысты 38-ге жуық ұсыныс іріктелді. Кейбіреулер бойынша Жол карталары қабылданды.

Еске сала кетсек, бүгінде елімізде "электрондық үкіметтің" 325 фронт-офисі бар. Өткен кезеңде 32 млн-нан астам қызмет көрсетілді.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар