Енді алтын құймалар айырбастау пунктерінде сатылатын болады

27 қараша, 2018, 12:23 1664 Астана
Енді алтын құймалар айырбастау пунктерінде сатылатын болады

Бұл туралы қаулы 2018 жылдың 30 қарашада қолданысқа енгізіледі.

Ұлттық Банк шағын алтын құймаларды банктік емес айырбастау пунктері арқылы сату жөнінде қаулы қабылдаған еді. Аталған қаулы Ұлттық Банк шығарған шағын алтын құймаларды банктік емес айырбастау пунктерінің халыққа сату рәсімдерін көздейді және ол алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі, деп хабарлайды BNews.kz Ұлттық банктің ресми сайтына сілтеме жасап.

Сондай-ақ бұл қаулы банктік емес айырбастау пункттеріне қосымша құқық беру арқылы олардың қызмет аясын кеңейткен "Валюталық реттеу және валюталық бақылау туралы" Қазақстан Республикасының Заңына 2018 жылғы шілдедегі енгізілген түзетулерді іске асыру үшін қабылданды.

"2018 жылғы 2 қарашада Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізіліміне "Қазақстан Республикасында қолма-қол шетел валютасымен айырбастау операцияларын ұйымдастыру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2014 жылғы 16 шілдедегі № 144 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі басқармасының 2018 жылғы 27 тамыздағы № 183 қаулысы енгізілді", - делінген Ұлттық Банк өкілдері таратқан хабарламада.

Қаулы 2018 жылдың 30 қарашада қолданысқа енгізіледі.

Бұған дейін уәкілетті ұйымдар қолма-қол шетел валютасымен айырбастау операцияларын ұйымдастыратын заңды тұлға ретінде айқындалған болса, енді түзетулер енгізілгеннен кейін оларға тағы да бір операция түрі – Ұлттық Банк шығарған шағын алтын құймаларды сату және сатып алуды жүзеге асыру құқығы беріледі.

Тазартылған құйма алтынды халыққа сату бағдарламасын Ұлттық Банк 2017 жылы, бірінші кезеңде – екінші деңгейдегі банктер арқылы, екінші кезеңде – уәкілетті ұйымдар арқылы іске қосқан болатын.

Бұл Ұлттық Банктің алтын құймаларын шалғай өңірлерде де сатып алуға мүмкіндік береді.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар