Енді БҚО-дағы емханаларда құжат айналымы толықтай электрондық түрде жүргізіледі

7 Января, 2019, 17:16 8605
Енді БҚО-дағы емханаларда құжат айналымы толықтай электрондық түрде жүргізіледі |  | BNews.kz

Емханаларда ұзын сонар кезек азайып, науқастарды қарауға жұмсалатын уақыт көлемі жарты сағатқа дейін ұлғайған.

Батыс Қазақстан облысындағы барлық емдеу нысандарында құжат айналымы толықтай электронды түрде жүргізіледі, деп хабарлады 24.kz

Жаңа жүйенің арқасында дәрігерлер қағазбастылықтан арылып, көп уақытын сырқаттарды сауықтыруға арнайтын болды. Емханаларда ұзын сонар кезек азайып, науқастарды қарауға жұмсалатын уақыт көлемі 15 минуттан жарты сағатқа дейін ұлғайған.

Сусамыр дертіне шалдыққан қала тұрғыны Наталья Асиновская былтырдан бері дәрігерлердің бақылауында. Емханаға жиі келетіндіктен, ұзақ сонар кезектің не екенін жақсы біледі. Алайда ол енді емдеуші дәрігерге алдын ала жазылып, электрондық кезек тәртібіне көшкелі бәрі өзгергенін айтып отыр. 

"Өте керемет, міне, бүгін ертеңгілік келдім де, бірден өз дәрігеріме кірдім. Ақхалаттылар аса мейірімді, өз істерін біледі, науқастарға жылы қабақ танытып, жақсы қарайды. Бізге одан артық ештеңе керек емес", - деді Наталья Асиновская.

Қант диабеті анықталған науқастар арнайы басқару тобына енгізілген. Дәрігерлер белгілеген ем-дом және сараптама нәтижелері туралы ақпарат ұялы телефондарына жіберіледі. Олар ағзадағы қант мөлшерін өздері анықтап, дәрігерге қаралу кестесін жасай алады. Өңірдің осы саладағы тағы бір жарқын жетістігі – барлық емдеу нысандарында электронды денсаулық төлқұжат жүйесі енгізілді.

"Бұрында осындай карта ұстап жүрсе, дәл сол картаның барлығы, бүкіл ақпараттың барлығы енді электронды түрде жазылады. Мысалы, электронный кезекпен дәрігерге келді. Дәрігердің барлық жазбасы, барлық жолдамасы "Казмедке" жазылады. Сонымен қатар, қандай да бір зерттеу - жалпы қан анализі барлығы, флюорография тексерістерге дейін электрондық түрде жібереді", - деді қалалық №1 емхананың жалпы тәжірибелік дәрігері Қайрат Төлегенов.

Аймақтағы барлық емдеу нысаны бірыңғай ақпараттық бағдарлама бойынша жұмыс істейді. Яғни, сырқаттың жедел жәрдем шақыртудан бастап стационарда емделуі, емханаларға қаралу барысы өзінің электронды төлқұжатында тіркеледі. Ал бұрынғы қағаз карталар әзірге архивтерде сақтаулы. Егер емделушілер қажет деп таппаса, келешекте түгел жойылады.

Рекомендуем
Димаш Құдайберген "The World's Best" шоуында америкалық тыңдармандарды таңдандырды 13853

Похожие новости