Енді Қазақстан барлық теңізге шыға алады – Мемлекет басшысы

11 тамыз, 2018, 17:56 3015 Маңғыстау облысы
Енді Қазақстан барлық теңізге шыға алады – Мемлекет басшысы

Нұрсұлтан Назарбаев Маңғыстау өңіріндегі Құрық теңіз айлағына барды.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Маңғыстау өңіріндегі Құрық теңіз айлағына барды. Қазақ елі Президентінің қатысуымен "Жаңа индустрияландыру: Қазақстан барысының серпіні" атты ұлттық телекөпір кезінде стратегиялық маңызды кешеннің паромдық өткелі іске қосылды, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.

Ақтау саммиті алдындағы маңызды шара кезінде сөз сөйлеген Елбасы алдағы уақытта Қазақстан барлық теңізге шыға алатынын атап өтті.

"Біз Құрық портындағы паромдық өткелді іске қосып отырмыз. Құрық порты Құрық-Баку-Грузия-Түркия-Еуропа бағытында жұмыс істеуге дайын. Енді Қазақстан тек құрлықтық мемлекет қана емес. Ол барлық теңізге шыға алады", - деді Мемлекет басшысы.

Бұл тұрғыдан қазақ елінде салынған автокөлік жолдарының маңыздылығы да сөз болды.

"Индустрияландыру және "Нұрлы жол" мемлекеттік бағдарламалар арқылы Қазақстанның барлық өңірінде ауқымды жұмыстар атқарылды. Аталған бағдарламалар арқылы біз 4 500 тас жолды салдық. Енді тағы да 4 500 тас жол салу керек. Біз толығымен Қазақтанның көлік инфрақұрылымын өзгертудеміз", - деді Қазақстан Президенті.

Айта кетейік, биыл Қарақия ауданындағы Құрық теңіз айлағынан 3 миллион тонна жүк жөнелту жоспарланып, орындалған еді. Биылғы меже бұдан екі есе көп. Бүгінде порт басшылары Каспийдегі барлық елдің теңіз айлақтарымен әріптестік қарым-қатынас орнатуда.

Қазақтың екінші теңіз порты - Транскаспий халықаралық көлік дәлізінің ең маңызды бөлігі. Нақты айар болсақ. Қытай мен Орталық Азия елдері Құрық порты арқылы сыртқы нарыққа, Европа елдеріне шығуға мүмкіндік алып отыр.

Қазіргі таңда Құрық паромдық кешенінде екі бірдей теміржол айлағы жұмыс істеп тұр. Әрқайсысы тәулігіне 50 вагон жүк сыйып кететін төрт бірдей алып кемені қабылдауға-жөнелтуге қауқарлы. Осы теміржол паромдық кешені арқылы былтыр 200-ден астам су көлігіне жүк тиелді.

Өткен жылы портта теміржолмен қатар жылына екі млн тонна құрғақ жүкті қабылдап, өткізе алатын автокөлік паромы іске қосылған еді. Қазір осы айлақты облыстық маңыздағы даңғыл жолмен жалғайтын жаңа жол салынды.

Мақтанышпен айтуға болады, Құрық теңіз порты "Нұрлы жол" мемлекеттік бағдарламасы бойынша жүзеге асып жатқан жоба. Қазақ еліндегі жүк ағынының жыл санап артуына байланысты Каспий өңірі жаңа порттың әлеуетін қарқынды түрде дамытуда. 2020 жылдары Каспий порттарының өткізу қуаты екі есеге өседі деген болжам бар.

Жауапты мамандардың айтуынша, бүгінде Қытайдан транзиттік жүктерді қабылдап, теңіз арқылы шетелге жөнелтуге нәтижелі жұмыстар жасалып жатыр. Қазіргі таңда Әзербайжан мемлекетімен паром қатынасы тұрақты орнаған. Мұнан бөлек, Әзербайжан елімен тығыз байланыс бар. Олармен күнделікті ақпарат алмасып отырады. 

Былтыр Құрық портынан 1,5 млн тонна жүк жөнелтілді. Басым бөлігі экспортқа шыққан отандық өнімдер. Негізінен мұнай, көмір, астық пен тыңайтқыштар тасымалданған.

"Енді осы жоспарда Түркіменстан және Иранмен байланысты нығайтуды көздеп отырмыз. Келешекте енді жүктер болып жатса сол бағытта да паром қатынасы болады деген жоспар бар", - дейді Құрық порты бас директорының орынбасары Талғат Оспанов.

Бұл жобаның халыққа беретін игілігі мұнымен шектелмейді. Құрық теңіз портына Қарақия ауданының екі қолға бір күрек таппай жүрген жастары жұмысқа орналасып жатыр. Арнайы бағдарлама аясында кәсіптік білім алған азаматтар алдымен Ақтау теңіз айлағында өндірістік тәжірибеден өткен. Қазір бұл мамандар қомақты жалақыдан бөлек жайлы баспанамен де қамтылып отыр.

Құрық ауылында тұратын Бауыржан Бөкенов паром өткеліне кірген кемеге жөн сілтеп, қозғалысын бақылап тұр. Ережеге сәйкес, рельс төселген көпір деңгейі су көлігінің жүк тиелетін төменгі бөлігімен бірдей болуы керек. Вагондардың тегіс жолмен кедергісіз жүріп өтуін орталық басқару құрылғысының операторы қадағалайды. Биыл еңбекке араласқан жас маман жауапты міндетін абыроймен атқарып жүр. 

"Осыған дейін шетелдік компанияда жұмыс жасағанмын. Қысқарту болғаннан кейін аудандық жұмыспен қамту орталығына барып, жұмыссыз есебінде тіркелдім. Бұл орталықта маған "Жаңа серпін" деген бағдарламаның бар екенін, оқытып әрі жұмыспен қамтитынын түсіндіріп көрсетті. Құжаттарымды жинап, тапсырдым. Жастарға осы бағдарлама арқылы жұмысқа тұрып, оқуға қатысуға шақырамын", - дейді "Құрық порты" ЖШС орталық басқару құрылғысының операторы Бауыржан Бөкенов.

Өзге ауысымда істейтін ауыл жігіттері де Бауыржанмен бірге оқыған. Олар төртінші ауысымды өзара бөлісіп істейді. Аға буын ұжымға білікті жас мамандар қосылып, қолдары ұзарғанына қуанышты.

"Құрық порты" ЖШС техникалық қызмет көрсету бөлімінің басшысы Оңдасын Битановтың айтуынша, мұнда тағы үш жігіт бар, олар орталық қазандықта ауысыммен жұмыс жасайды.

"Жалпы Құрық порттың жұмысы жалғасып жатыр. Келешек жаңа пирстер салынады. Болашақта Құрық селосының жастары "Жаңа серпін" бағдарламасы арқылы осы жерге келіп жұмыс жасайды деген сенімдеміз", - дейді Оңдасын Битанов.

Аймақтық бағдарламаға қатысқысы келетін жан алдымн тұрғылық мекенжайы бойынша жұмыссыз ретінде тіркелу керек. "Жаңа серпін" орталығы жергілікті нарықта сұранысқа ие мамандықтар бойынша оқытады. Оқу шығынын мемлекет төлейді.

Бұл жоба соңғы үш жылда өңірдің екі мыңға жуық тұрғынын тұрақты жұмыспен қамтыған. Көпшілігі өздері өндірістік тәжірибеден өткен кәсіпорындарға жұмысқа орналасты. Айта кетейік, жеке баспанасы жоқтар Қарақия, Түпқараған аудандары мен Ақтауда салынған жатақханаларда тұрып жатыр.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, кеше Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Маңғыстау облысына жұмыс сапарымен келді. Мемлекет басшысы енді жұмыс сапары барысында ертеңге жоспарланған Бесінші Каспий саммитіне қатысуы, сондай-ақ жоғары деңгейде бірқатар екі жақты кездесулер өткізуі жоспарланып отыр.

12 тамыз күні Маңғыстау облысының орталығы Ақтауда Каспий маңындағы бес мемлекет президенттері бас қосатын саммитке дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Жаһандық маңыздағы шара барысында көлік транзиті, экономика және экология, биоресурстарды қорғау және қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық мәселелері кеңінен талданады деп күтілуде.

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың шақыруы бойынша Ақтау саммитіне Әзербайжан Республикасының Президенті Ильхам Әлиев, Иран Ислам Республикасының Президенті Хасан Рухани, Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин және Түрікменстан Республикасының Президенті Гурбангулы Бердімұхамедов келеді.

Күн тәртібіне қойылған басты тақырып – Каспий теңізінің құқықтық мәртебесін айқындайтын конвенцияны қабылдау. Жиырма жылдан астам уақытқа созылған келіссөздер осы аптада өз мәресіне жетеді деп күтілуде. Құжатқа қол қойылған соң жағалау мемлекеттері көлік-транзит еркіндігі, балық аулау және өзге де мәселелер бойынша өзара келісімге келеді. Бүгінде қала саммитке қызу дайындық үстінде. Арнайы штаб құрылып, қауіпсіздік шаралары күшейтілген.

Еске салсақ, жұмыс сапары барысында Қазақстан Президенті Маңғыстау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде кеңес өткізді. Кеңес барысында Елбасы ертең Ақтау қаласында Каспий маңындағы бес мемлекеттің басшылары жиналып, тарихи құжатқа – Каспийдің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияға қол қоятынын, аталған құжат 20 жылдан астам уақыт бойы дайындалғанын ерекше атап өтті.

Содан кейін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ақтау қаласындағы теңіз жағалауын аралады. Елбасы заманауи дыбыс күшейткіш және жарық техникасымен, сондай-ақ LED экранмен жабдықталған, бір мезгілде 1000 әртіс өнер көрсететін, көпфункциялы сахнасының ені 70 метр болатын ашық аспан астындағы амфитеатрды көрді. Қазақстан Президенті Ақтау қаласының және Маңғыстау өңірінің қарқынды дамып келе жатқанын ерекше атап өтті.

Сондай-ақ, аймаққа жұмыс сапары барысында Мемлекет басшысы "DP World" компаниясы басқармасының төрағасы Сұлтан Ахмед бин Сулайеммен кездесті. Қазақстан Президенті инвестиция тарту үшін жасалып жатқан еліміздегі жағдайға ерекше тоқталып, Құрық порты еркін экономикалық аймағының басымдықтары жөнінде және "DP World" компаниясының жүк тасымалы мен логистика саласындағы жетістіктерін айтты.

Келесі кезекте Елбасы "Tree of life" демалыс орнын аралап көріп, жағажайы, бассейнді аквапаркі және қонақ үй кешені бар демалыс орнының жұмысымен танысты. Нұрсұлтан Назарбаев туристермен әңгімелесу барысында Каспий шипажайларында демалудың артықшылықтарын, соның ішінде бағаның қол жетімділігін, суға шомылу маусымының ұзақтығын, Ақтау қаласы инфрақұрылымының жақындығын, қонақ үй санының көптігін, сонымен қатар Ақтау қаласы келешекте қазақстандық Анталияға айналатынын атап өтті.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар


Материалды әзірлегендер: