Енді сәбидің туу туралы куәлігін телеграм-бот арқылы алуға болады

25 қыркүйек, 2018, 13:16 1514 Астана
Енді сәбидің туу туралы куәлігін телеграм-бот арқылы алуға болады

EgovKzBot арқылы ұсынылатын мемлекеттік қызметтердің тізімі тағы екі қызметке толықты.

Енді сәбидің туу туралы куәлігін алу үшін телеграм-бот арқылы тапсырыс беруге болады. EgovKzBot телеграмм-боты арқылы ұсынылатын мемлекеттік қызметтердің тізімі тағы екі қызметке толықты, деп хабарлайды BNews.kz "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы" КЕАҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Ұлттық ақпараттық технологиялар" АҚ іске қосқан бот арқылы бұған дейін 13 мемлекеттік қызмет пен сервис, соның ішінде 7 кең таралған анықтама, әлеуметтік мәртебені тексеру мен базалық зейнетақы төлемінің көлемі туралы ақпарат алу, емханаға тіркелу, дәрігерге жазылу және дәрігерді үйге шақырту, сондай-ақ халыққа қызмет көрсету орталығында (ХҚО) кезекті брондау қызметтері қолжетімді болған.

"Енді бот арқылы өзіңізге жақын жерде орналасқан ХҚО туралы біліп, сондай-ақ бала тууға байланысты проактивті қызметтерді алу мүмкіндігі туды. Басқаша айтқанда, туу туралы куәлікке тапсырыс беру, бала туу бойынша жәрдемақыларды рәсімдеу және сәбиді балабақшаға кезекке қою тіпті жеңілдей түсті", - деп хабарлады мемлекеттік корпорацияда.

Еске сала кетейік, мемлекеттік қызметтерді телеграм-бот арқылы алу үшін "Мобильді азаматтар базасына" тіркелу қажет, яғни eGov.kz порталындағы жеке кабинетте азаматтар телефон нөмірін ЖСН-ге бекітіп, өз гаджетіндегі Telegram мессенджерінде ботты іске қосу керек.

"Содан кейін алдын ала белгіленген командаларды жолдап, SMS-кодпен растау арқылы анықтамалар мен сервистер туралы ақпаратты сұрата аласыз. Сондай-ақ, барлық ақпаратты қолданушының электрондық поштасына жолдау мүмкіндігі де қарастырылған", - делінген хабарламада.

Айта кетейік, eGov.kz порталының 2018 жылғы мамырда іске қосылған телеграм-боты арқылы қазақстандықтар шамамен 14 мыңдай мемлекеттік қызмет алды.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар