EXPO-2017 көрмесі өз кезегін тапсырды - Жаңалықтар | BNews

EXPO-2017 көрмесі өз кезегін тапсырды

09 қазан, 16:59 3128 Астана
EXPO-2017 көрмесі өз кезегін тапсырды

6 қазанда «ЭКСПО-2017» комиссары Рәпіл Жошыбаев және Ұлттық компания басқарма төрағасының орынбасары Ербол Шорманов бастаған қазақстандық делегация Париж қаласындағы Халықаралық көрмелер бюросы (ХКБ) Атқарушы комитетінің кезекті отырысына қатысты.

Р.Жошыбаев Астана қаласында өткен Халықаралық көрме қорытындылары: ресми қатысушылар мен көрмеге келушілердің саны, өткізілген халықаралық іс-шаралар және олардың нәтижелері туралы хабарлады. «Бұл жоспар орындалды. Көрмеге 115 мемлекет және 22 халықаралық ұйымдар қатысты», - атап өтті Комиссар. Оның айтуынша, бастапқыда ЭКСПО-2017 тіркеу құжаттамасында 100 мемлекет және 10 халықаралық ұйымның қатысуы жоспарланған еді.

Өз кезегінде «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Ербол Шорманов Көрменің негізгі көрсеткіштері мен экономикалық әсерін тілге тиек етті.

«Көрменің тіркеу құжаттамасына сәйкес, ЭКСПО-2017 көрмесіне келушілер саны 2 млн. асады, олардың 15% шет ел азаматтары болады деп жоспарланған. Бірақ, Көрмеге келушілердің саны жоспарланған көрсеткіштен әлдеқайда жоғары болды. Көрмеге 4 миллионға жуық адам келді (көрмеге келушілердің қорытынды саны 3 977 545 құрады). Көрмеге келушілердің 15% әлемнің 187 елдерінен келген шет елдік туристер болды. Осындай ауқымды жобаны өткізу ел экономикасының қозғаушы күшіне айналғаны және қосымша оң мыңдаған жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік берді. Еліміздегі 1400 шағын және орта кәсіпорын жалпы сомасы 170 млн. евродан астам көлемде тауарлар мен қызметтерге тапсырыс қабылдап, пайда түсірді», - деді Е.Шорманов.

Сонымен қатар, Ұлттық компания басқарма төрағасының орынбасары Көрме аумағында өткізілген мәдени-сауықтыру және тақырыптық шаралар, сондай-ақ, «ЭКСПО-2017» инфрақұрылымын Көрмеден кейін пайдалану жолдары туралы сөз қозғады.

Презентация қорытындысы бойынша ХКБ мүшелері мен басшылығы өткізілген Көрмеге жоғары баға беріп, оның инновацияларға жол ашуын, «Болашақ энергиясы» тақырыбындағы маңызды ой-толғаулар мен пікір алмасуға мүмкіндік бергендігін атап өтті.

Атқарушы комитет шеңберінде Франциядағы Қазақстан Республикасының Елшісі Нұрлан Дәненовтың қатысуымен ХКБ Бас хатшысы Висенте Лоссерталеспен кездесу өтті. ХКБ Бас хатшысы Қазақстан халқын «ЭКСПО-2017» көрмесінің табысты өтуімен құттықтап, көрмені өткізуде жеке назары мен үздіксіз батыл қолдауы үшін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа алғысын білдірді. Лоссерталес мырзаның айтуынша, «ЭКСПО-2017» көрмесінің табысты өтуі келесі мамандандырылған көрмелерге үлгі болады.

Сонымен қатар, Атқарушы комитет мүшелері «Пекин-2019», «Дубай-2020» көрмелеріне дайындық барысы туралы есептерін қарастырды, сондай-ақ «ЭКСПО-2022/2023» Халықаралық мамандандырылған көрмелерін өткізу кандидаттарының - Миннеаполис (АҚШ), Лодзь (Польша), Буэнос-Айрес (Аргентина) құжаттамаларын талқылады. 2017 жылғы қарашада ХКБ Бас Ассамблеясындағы дауыс беру барысында Келесі Халықаралық мамандандырылған көрмесін қабылдаушы ел анықталады.

 

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

`

Серіктестер жаңалықтары