Франция – футболдан әлемнің екі дүркін чемпионы атанды - Жаңалықтар | BNews

Франция – футболдан әлемнің екі дүркін чемпионы атанды

16 шілде, 09:57 2183
Франция – футболдан әлемнің екі дүркін чемпионы атанды

Футболдан Ресейде өтіп жатқан әлем чемпионатының жеңімпазы анықталды.

Франция футболдан Ресей Федерациясында 2018 жылғы өткізілген әлем чемпионатының жеңімпазы болды. Әлем чемпионатының екі дүркін чемпионы атанған бұл команда алғашқы рет 1998 жылы жеңіске жеткен болатын, деп хабарлайды BNews.kz prosports.kz-ке сілтеме жасап.

Ақтық сында Франция мен Хорватия құрамалары кездескен. Құрамалар шаруаны кейінге қалдырмай, бірден шабуылдай бастады. Нәтижесінде жанкүйерлер үзіліске дейін үш гол көрді.

Ойынның 18-минутында Марио Манджукич допты өз қақпасына соғып алды. Бірақ араға он минут салып, Иван Перишич таразы басын теңестіріп тастады. Бұл есеп те ұзақ сақталмады. Тағы да он минуттан соң Антуан Гризманн пенальтиден гол соғып, француздарды тағы да алға шығарды.

Бір қызығы, үзілістен кейін де қос құрама үш гол соғып тастады. 59-минутта Поль Погба әдемі соққымен көзге түскен, көп ұзамай Килиан Мбаппе қақпаны алыстан дәл көздеді – 4:1.

Хорваттардың салы суға кетпей, есеп айырмасын қысқартуға тырысты. Нәтижесінде 69-минутта Манджукич қанжығасын майлады. Қорытынды есеп – 4:2.

Осылайша, Франция құрамасы екі дүркін әлем чемпионы (біріншісі 1998 жылы) атанды. Ал хорваттар үшін күміс медальдің өзі тарихи жетістік саналады.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас жаңалықтар

`

Серіктестер жаңалықтары