Француз саяхатшысы велосипедпен Қарағандыға жетті - Жаңалықтар | BNews

Француз саяхатшысы велосипедпен Қарағандыға жетті

08 қараша, 2017, 15:41 2059 Қарағанды облысы
Француз саяхатшысы велосипедпен Қарағандыға жетті

Велосипедпен әлемді аралап саяхат жасап жүрген француз Роман Пишар Қарағандыға келді, деп хабарлайды BNews.kz. Қарағанды облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ол саяхатын өткен жылдың қыркүйек айында бастап, 14 ай бойы жол жүріп келеді.

Романның сөзінше, велосипедпен екі жүзден астам елді шарлап өту – үлкен сын.

«Мен Францияда инженер болып жұмыс істеймін. Бізде әр адам жұмыстан бір жылға үзіліс ала алады және сол уақытта өзі қалаған іспен айналысып, уақытында қайта жұмысына келеді. Мен де сондай үзіліс алуды шешіп, Моңғолияға дейін жетемін деген мақсат қойдым. Алайда, оған үлгермеймін, себебі күн суып кетті. Меніңше, Астанаға дейін жетемін, ал ол жақтан Францияға ұшамын. 1 желтоқсанда жұмысқа шығуым керек», - дейді ол.

Романның айтуынша, ол өз елінде де көлікке мүлдем отырмайды екен. Өйткені көлік экологияға зиян келтіреді және қызметі тым қымбат. Жұмысы мен жеке кездесулеріне ол велосипедпен барады. Сол себепті саяхат үшін де көліктің осы түрін таңдаған. 

«23 елде болдым, ұшақпен ұштым деп айту, әрине жақсы, алайда еш қызықсыз. Ал егер сен осы елдерді велосипедпен жүріп өтсең – бұл басқаша, таңқалуға тұрарлық», - деп атап өтті саяхатшы.

Саяхаты барысындағы 14 айда ол Италия, Швейцария, Түркия, Иран, Грузия, Өзбекстан, Түрікменстан, Тәжікстан және басқа елдерде болды.

Барлық жүріп өткен жолында Роман велосипедтен басқа еш көлікке отырмаған. Ол шатырларда қонып, тамақты отта дайындаған, сондай-ақ қалташам мен ұялы телефонын күн батареясының көмегімен кішкене қуаттап отырған. 

Роман атап өткендей, жолда шағын жол-көлік оқиғасынан басқа ешқандай оқыс жағдай болмаған. Аталған жол-көлік оқиғасы салдарынан велосипед дөңгелегі жарылған.

Тағы бір жағдай Әзербайжан шекарасында орын алған, ол кезде екі мыңнан аса евро көлемінде айыппұл төлеуге тура келген.

«Маған түсіндірулері бойынша ол айыппұл жергілікті заңды бұзғаным үшін екен. Мен қонақ үйлерде емес, шатырда түнедім. Қонақ үйден кеткенде адамға құжат береді, оны ол шекарада көрсетеді. Менде сол құжат болмады, сондықтан айыппұл төлеуге тура келді. Енді мен үш жыл көлемінде Әзербайжан аумағына кіре алмаймын, мені қара тізімге енгізді», - деді деді Роман Пишар.

Оған жолға шығарда Иранға барма дегендер көп болған, алайда бұл ел Романның есінде ерекше қонақжайлылықпен сақталып қалған.

«Барлығы маған онда бару қауіпті, сен қателік жасайсың деген еді. Бірақ нәтижесінде олай болмай шықты. Мен Иранда екі ай болдым. Онда болғанымда ол сөздердің жалған екенін түсіндім. Ол жерден өзіме достар таптым. Адамдардың саған күлімдеп, ағылшынша сөйлегені тамаша. Иран – мен болған елдердің ішіндегі ең жақсысы»,- дейді саяхатшы.

Роман Қазақстанда кідірем деп ойламаған. Алайда Қарағанды маңында 200 шақырым жерде орналасқан автокешенге кіргеннен соң жоспарлары өзгерген.

«Сол күні кешкілік мен автокешенге бардым. Романды көріп, онымен сөйлесіп кеттім. Ол Шудан Қарағандыға дейін келіп, Қазақстан туралы ештеңе білмеген. Мен намыстандым. Оған біздің қазақстандық қонақжайлылығымызды көрсетемін деп шештім. Менің автокешенімде сауна бар, біз сонда бардық, кешкі ас іштік. Дәл сол уақытта біздің кешенде халық аспаптар ансамблі болған еді. Мен олардан Роман үшін астаптарында арнайы ойнап берулерін сұрадым. Оған домбыраның үні ерекше ұнады. Тіпті, ол өзі ойнап көрмек болды», - деп баяндап берді автотұрақтың иесі Ғазиз Ысқақ.

Қарағандыда Романды Ғазиздің туыстары күтіп алып, біраз уақыт қалуын сұрап, қазақтың ұлттық тағамы – ет асып беріп, қаланы көрсеткен. 

Романның айтуынша, осы саяхаттан соң оның әлемге деген көзқарасы өзгерген, тіпті еліне оралған соң өзінің өмір стилін өзгертуі де мүмкін.

«Мен жалпы адамдарға қатысты пессимистік ойда болдым. Адамдар осынша мейірімді және жақсы деп ойламадым. Бұл менің адамдарға деген пікірімді өзгертті», - дейді ол.

Енді бірнеше күннен соң Роман Астанаға аттанады, ол жақтан Францияға ұшады. Алдағы жылдары алыс жолға шығу оның жоспарында жоқ. Алайда, тағы да саяхаттайтын болса, онда Аляскаға бармақ, ол жақтан велосипедпен Мексикаға барады.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар