Әбдіуахап Қара: Түркия Алаш Орданы зерттеуді Қазақстаннан бұрын бастаған - Жаңалықтар | BNews

Әбдіуахап Қара: Түркия Алаш Орданы зерттеуді Қазақстаннан бұрын бастаған

10 қараша, 15:14 1827 Астана
Әбдіуахап Қара: Түркия Алаш Орданы зерттеуді Қазақстаннан бұрын бастаған

Бұл туралы Астанада Алаш Орданың 100 жылдығына орай халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция барысында Түркиядағы Мимар Синан университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Әбдіуахап Қара мәлімдеді, деп хабарлайды BNews.kz.

Ғалым Алаш Орданы зерттеу Қазақстаннан бұрын Түркияда басталғанын айтты.

«Түркиядағы Алашты зерттеу Қазақстаннан бұрын бастау алды. Кеңес үкіметі тұсында тыйым салынып, алаш қайраткерлерінің атын атауға болмайтын кезеңде – 1930-1970 жылдарда бұл мәселе Түркияда айтылып, жариялы түрде кітап болып басылып, зерттелді», - дейді Әбдіуахап Қара.

Ол алғашқылардың бірі болып Мұстафа Шоқайдың зерттеле бастағанын айтады.

«Мұстафа Шоқайдың «Жас Түркістан» журналы, «Иені Түркістан» журналдарына шыққан мақалалары Түркияда оқылып, зерттеліп отырды. Мұстафа Шоқай 1942 жылы дүниеден өткеннен кейін, ол жақтағы ғалымдар, әсіресе Зәки Уәлиди Тоған Мұстафа еңбектерін терең зерттеді. Оның себебі де жоқ емес, бір кезде Зәки Ташкентте, Қоқанда Мұстафа Шоқаймен қызметтес болған. Кейін Зәки Уәлиди Түркияға барған соң, ғылымға ден қойып, түркі тектес халықтарға танымал тарихшы ғалым болды. Сол Зәки Уәлиди өз еңбектерінде Мұстафа Шоқайды, Алашорда тарихын, Әлихан Бөкейханұлын, Ахмет Байтұрсынұлын, Міржақып Дулатұлын кең көлемде зерттеп жазды», - деді ғалым.

Әбдіуахап Қараның айтуына қарағанда, Түркияда жүріп Алаш тарихын зерттеуші ғалымдар аз болмаған. Солардың арасында ерекше айтып кететін тағы бір тұлға – Баймырза Айт.

«Ол өзбектен шыққан, кейін Түркістан легионында болған. Мұстафа Шоқай оның тұтқындар лагерінен құтылуына себепкер болған екен. Сол Баймырза 1951 жылы «Алашорда және Түркістан автономиялық республикалары» деген тақырыпта Германияның Мюнстер университетінде Алашорда тарихынан докторлық дисертация қорғаған», - дейді түркиялық ғалым.

Ол сөз соңында алаштанудың негізі Түркияда қаланғанын айтады.

«Әрине, Қазақ елі тәуелсіздігін алғаннан кейін алаш тарихын зерттеуде қазақ ғалымдары алдына жан салмады. Мысалы Мұстафа Шоқайдың 12 томдығы, Әлихан Бөкейханның 15 томдығы соның бір көрінісі және бұл еңбектер осы Қазақстанда жарық көріп жатыр. Бүгінгі кең көлемде өтіп жатқан 100 жылдық мерейтойдың өзі үлкен жетістіктің бір көрінісі. Бұл да болса Тәуелсіздіктің жемісі және Елбасының «рухани жаңғыру» бағдарламасының осы тарихымызды тануға үлкен серпін беріп отыр. Сол мақала тек қазақ халқын ғана емес, күллі түркі дүниесін дүр сілкіндірді. Себебі біздің ортақ тарихымызға тек Қазақстан ғана емес, бүкіл түркі дүниесіне ортақ мұра ретінде қарауымыз керек», - дейді профессор.

Еске сала кетсек, бүгін Астанадағы ЭКСПО конгресі орталығында Алаш партиясының құрылғанына 100 жыл толуына орай «Рухани жаңғыру: Алаш және Азаттық идеясының сабақтастығы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция басталды.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас жаңалықтар