Голливуд жұлдыздары Шығыс Қазақстанға келді

13 ақпан, 2018, 19:20 955 Шығыс Қазақстан облысы
Голливуд жұлдыздары Шығыс Қазақстанға келді

Американдық актерлер қазақ елінің қонақжайлылығы үшін алғыстарын білдіріп, алған әсерлерімен бөлісті.

Бүгін аймақ басшысы Даниал Ахметов Голливуд жұлдыздары -   Майкл Сорен Мэдсен, Кэри-Хироюки Тагава, Марк Дакаскос және Бай Линмен кездесті. Құрметті қонақтар қатарында қазақстандық режиссер Еркен Елгашев пен продюсер Арман Асенов та бар, - деп хабарлайды BNews.kz әкімнің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Сапар мақсаты – әлемдік телеарналарға арналған Шығыс Қазақстан туралы арнайы жоба түсіріліміне қатысу. 

Актерлердің ШҚО сапары барысында Өскемендегі бірқатар нысандарды аралау жоспарланған. Атап айтқанда, тарихи-өлкетану мүзейлерін, спорт кешендерін, драма театр мен "Нұрлы жол" саябағын және "Нұртау" демалыс базасын аралайды.  

15 ақпанда Голливуд жұлдыздары аудандарға ұшады. Түсірілім Шығыс Қазақстанның киелі және тарихи-мәдени жерлерінде жүргізіледі. Мәселен, тізімде Күршім ауданындағы Марқакөл көлі мен Ұрынхай ауылы бар. Қонақтар Алтай тауының кіндігі – Рахман қайнарына да ат басын тірейді. Жұлдызды қонақтар Абай мен Шәкәрімнің мемориалды кешені, Берел қорғаны, Қоңыр-әулие үңгірі, Ырғызбай Досханұлының мазары сияқты киелі жерлерде де болады

"Шығыс Қазақстанға қош келдіңіздер! ШҚО – елдің индустриалды орталығы. Біз бериллий, тантал өнімінің әлем бойынша 25-30 пайызын өндіреміз. Сіздер ауа-райы қолайы кезде келдіңіздер. Аяз қайтып, күн жылыды. Облыстың жер бедері әр түрлі. Тау да, жайлау да, шөлдала да бар. Сіздер Шығыс Қазақстанның төрт аймағында боласыздар. Көпұлтты еліміздің бай салт-дәстүрімен танысасыздар", -  деді Даниал Ахметов. 

Өз кезегінде американдық актерлер қазақ елінің қонақжайлылығы үшін алғыстарын білдіріп, алған әсерлерімен бөлісті. 

Қазақстандық кинематография Марк Дакаскосқа жақсы таныс. Ол осымен үшінші отандық жобаға қатысып отыр. Бұған дейін "Көшпенділер" фильмінде жоңғарды ойнаған американдық актер, енді қазақ жігітінің рөлін ойнағысы келетінін айтты. 

"Қазақстанға алғаш келгенде жоңғар рөлін ойнадым. Енді қазақ болғым келеді! Мен бұл жердің табиғатына тамсанамын. Таудан бастау алар өзендегі таза суды ішудің өзі - ғанибет. Бұл елдің дәм-тұзы да ерекше. Қанша тамақ ішсең де, салмақ қоспай, қаз-қалпында жүре бересің", - деді әлем жұлдызы Марк Дакаскос.

Голливудтық қонақтар сондай-ақ, Курчатов пен Риддерде де болады. Айта кету керек, арнайы жоба дүниежүзінде қазақстандық брэндті қалыптастыруға бағытталған. 

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар