Головкин: Егер "Канеломен" жекпе-жек өтпейтін болса, Сондерспен кездесемін - Жаңалықтар | BNews

Головкин: Егер "Канеломен" жекпе-жек өтпейтін болса, Сондерспен кездесемін

15 наурыз, 2018, 10:39 1990
Головкин: Егер

Әлемге белгілі қазақстандық боксшы барлық белбеуді жеңіп алу оның арманы екендігін айтты. 

Орта салмақтағы WBA (Super), WBC, IBF және IBO тұжырымдары бойынша әлем чемпионы қазақстандық былғары қолғап шебері Геннадий Головкин The Ring басылымына берген сұқбатында допинг дауына ілігіп қалған мексикалық Сауль "Канело" Альвареспен жоспарланған кездесуі өтпей қалса, осы салмақта WBO белбеуінің иегері британдық Билли Джо Сондерспен кездесу ұйымдастыруға ниетті екенін айтты, деп хабарлайды BNews.kz Vesti.kz порталына сілтеме жасап.

"Мен әлі де 5-мамырға жоспарланған Альвареспен кездесуіміз өтеді деп сенемін. Өйткені, мен бұл деңгейде тағы да жұдырықтасқым келеді. Қазір бұл бокс әлеміндегі ең үлкен жекпе-жек. Егер комиссия допингке байланысты "Канело" жекпе-жек өткізе алмайды десе, мен Билли Джо Сондерске қарсы кездесу үшін жұмыс істеймін. Барлық белбеуді біріктіру - менің басты арманым", - дейді Геннадий Головкин. 

Еске салайық, "Канелоның" допинг-сынамасы оң нәтижесін бергені туралы ақпарат 6 наурыз күні шықты. Альварестің допинг-сынамасынан кленбутеролдың болмашы мөлшері табылғаны белгілі болған еді. Бұл препарат адамға бұлшықет массасын өсіруге және майды жоюға көмектеседі. Ал спорттан тыс бұл препарат жануарлардың массасын өсіруге арналған.

Головкин мен Альварес арасындағы екінші кездесу 5 мамыр күні Лас-Вегастағы T-Mobile спорт кешенінде өтеді. Бұл боксшылардың жекпе-жегі кейінге қалған туралы ресми мәлімет шыққан жоқ. Олардың бірінші кездесуі де Лас-Вегаста өтіп, тең аяқталған еді.

Головкин мен "Канелоның" допинг-сынақтары VADA (Допингке ерікті түрде тексерілу ассоциациясы) тексеріп отырады. Боксшылар бұл сынақтан Бүкіләлемдік бокс кеңесінің (WBC) "Таза бокс" бағдарламасы аясында тапсырып отырады.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар