Головкин мен Альварес қарымта жекпе-жегінің күні анықталды - Жаңалықтар | BNews

Головкин мен Альварес қарымта жекпе-жегінің күні анықталды

30 қаңтар, 10:05 1224
Головкин мен Альварес қарымта жекпе-жегінің күні анықталды

Жекпе-жектің 5 мамырда өтетіні жайлы боксшылар, промоутерлері мен НВО телеарнасы хабарлады.

Орта салмақта WBC, WBA (Super), IBF және IBO тұжырымдары бойынша әлем чемпионы атағына ие отандасымыз Геннадий Головкин мен мексикалық боксшы Сауль Канело Альварес екінші рет жұдырықтасатын болды. Қос тарап кездесу өткізу жайлы келісімге келді, деп хабарлайды BNews.kz Vesti.kz-ке сілтеме жасап.

Жекпе-жектің 5 мамырда өтетіні жайлы боксшылар, промоутерлері мен НВО телеарнасы хабарлады. Америкалық арна бокс кешін ақылы көрсетілім (РРV) бойынша таратады.

Жекпе-жекте қазақстандық боксшы барлық чемпиондық атағын бәске тігеді. Ал мексикалық The Ring журналының үздік боксшысы атағын қорғайды.

"Бұл – шындық. Осы жолы төрешілер кедергі бола алмайды!", - деп жазды Головкин twitter желісінде.

Ал Сауль Альварес қарымта жекпе-жекке дайын екендіктерін атап өтті.

"Уақыт келді. Біз дайынбыз. 5 мамырда кездескенше!", - деді Альварес.

Golden Boy промоутерлік компаниясы боксшылардың екінші рет кездесуінде төрешілер шешім шығармайтынын айтты.

"Бұл жолы төрешілер шешпейді. #CaneloGGG2, 5 мамыр, бұл - ресми!" - деп хабарлады промоутерлік компания.

HBO телеарнасы GGG мен Альварестің алғашқы кездесуінде 12 раунд аз болғанын жазды.

"12 раунд аз болды. 5 мамыр. 2018 жыл. #CaneloGGG2", - деп жазды телеарна.

Еске сала кетейік, Геннадий Головкин мен Сауль Альварес арасындағы алғашқы кездесу 16 қыркүйекте Лас-Вегаста өткен болатын. Төрешілер шешімі бойынша боксшылар тең түскен еді.

Осыған дейін GGG мен Сауль "Канело" Альварес арасындағы екінші жекпе-жек 5 мамыр күні өтуі мүмкін екендігі хабарланған болатын.

Ал отандасымыз Геннадий Головкиннің бапкері Абель Санчес GGG-дің Сауль Альвареспен екінші жекпе-жегі 2018 жылдың көктеміне жоспарланып отырғанын өткен жылғы қыркүйектің соңында растады.

Қос боксшы арасындағы екінші жекпе-жек қайда өтетіні әзірге белгісіз. Лас-Вегас, Нью-Йорк және Даллас қалаларының бірінде өтуі мүмкін.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас жаңалықтар

`

Серіктестер жаңалықтары