Халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру бағыттары туралы Абаев айтып берді - Жаңалықтар | BNews

Халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру бағыттары туралы Абаев айтып берді

17 сәуір, 13:31 1680 Астана
Халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру бағыттары туралы Абаев айтып берді

2022-ші жылға қарай ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігі тұрғындардың ақпараттық сауаттылық деңгейін 83%-ға дейін көтермек.

Халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру барысы қалай жүзеге асырылатыны туралы, бүгін өткен Үкімет отырысында ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев айтты, деп хабарлайды BNews.kz.

"Бүгінгі күнгі көрсеткіштерге  сәйкес, тұрғындардың цифрлық сауаттылығының деңгейі 77%-ды құрайды. Жылдың соңына дейін оны 78,5%-ға дейін көтеру көзделіп отыр. Осыған сәйкес цифрлық сауаттылықты арттыруға бағытталған әдістемелік ұсынымдар жасалды. Тыңдармандарға қатысты талаптар, цифрлық сауаттылықты оқытудың санаты мен формасы келтірілді. Сондай-ақ негізгі бағыттар бойынша оқытудың 4 бағдарламасы: базалық цифрлық дағдылар, ақпараттық және транзакциялық дағдылар және электронды коммерциялық дағдылар бар", - деді Дәурен Абаев.

Оның айтуынша  халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру бойынша екі бағыт белгіленген.

"Біріншісі - орталық мемлекеттік органдар халық пен кәсіби кадрларға осы сала бойынша жан-жақты білім береді. Ал екінші бағыт бойынша ел тұрғындарын жергілікті атқарушы органдар оқытатын болады. Бірінші бағыттың аясында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Денсаулық сақтау, Білім және ғылым, Ауыл шаруашылығы министрліктері жауапты мемлекеттік органдар ретінде қатысады. Аталған мемлекеттік органдар цифрлық сауаттылыққа байланысты қосымша білім беруге атсалысады. Мәселен, Ұлттық экономика министрлігі "Бизнесті жүргізу" атты кәсіпкерлерді ауқымды оқыту жұмыстарын жүргізіп жатыр. Демек, осы оқыту бағдарламасына цифрлық саланы кірістіру жоспарланған", - деді Дәурен Абаев.

Министр оқытылуы тиіс кадрлар саны 385 мың адам екенін айтты.

"Сонымен қатар, 8 миллион азаматты мемлекеттік электрондық қызмет алуға және онлайн-сауда жүйесін игеру бойынша базалық білімге үйрету көзделген. Бұл "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы мен "Қазпошта" АҚ базасында жүзеге асырылады . Екінші бағыт аясында жергілікті атқарушы органдар ХҚКО және Қазпоштамен бірлесе отырып, елдің барлық түкпір-түкпірінде оқытылатын болады" , - деді Абаев.

Министрдің айтуынша қамту көлемі 500 мың адамға негізделген.

Ұқсас жаңалықтар

`