Индустрияландыру күні қарсаңында ҚР Үкіметі әлемнің 30 елінің инвесторларымен кездесті

05 желтоқсан, 2017, 12:05 1056 Астана
Индустрияландыру күні қарсаңында ҚР Үкіметі әлемнің 30 елінің инвесторларымен кездесті

Бүгін Астанада Қазақстан Үкіметі Индустрияландыру күні қарсаңында Премьер-министр Бақытжан Сағынтаевтың басшылық етуімен 100-ден астам ірі халықаралық компаниялардың өкілдерімен Қазақстанға инвестиция салудың өзекті мәселелерін талқылады, деп хабарлайды BNews.kz.

 

Премьер-министр Бақытжан Сағынтаевтың айтуынша, шараның басты мақсаты – Қазақстанға «жаңа буынның» инвестицияларын тарту процесін ынталандырудың ауқымды әрі орнықты стратегиясын қалыптастыру.

Күні бойы 100-ден астам халықаралық компаниялар, қаржылық ұйымдар, елшіліктер, үкіметтік емес ұйымдар, әлемнің 30 елінен келген шетелдік БАҚ өкілдері мемлекеттік және квазимемлекеттік секторлардың басшыларымен, еліміздің жетекші бизнесмендерімен инвестициялық ұсыныстар мен іскерлік перспективаларды қарастыруда.

Шараға Nasdaq, Mitsui & Co., Master Card, Yildirim Holding, World Bank, COSCO Shiping, COFCO, China Gezhouba International Engineering, Calik Holding, Alstom, Aberdeen Standard Life, Tokyo Rope, Marubeni, ENI, Farm Frites, РОСАТОМ, Cottonex, CIS-Airbus Group секілді халықаралық компаниялардың басшылары қатысты.

«Қазақстандағы экономикалық реформалар бағдарламасы: сын-тегеуіріндер мен мүмкіндіктер» пленарлық сессиясы барысында Бақытжан Сағынтаев форум қатысушыларына елдегі инвестициялық ахуалды дамыту бойынша қабылданып жатқан шаралар мен инвесторларға жасалып жатқан мүмкіндіктер туралы айтып берді.

Біріншіден, Қазақстан экономикалық өсім жолына түсті. Қабылданған іс-шаралардың нәтижесінде 2017 жылдың 10 айындағы ЖІӨ өсімі 4% құрады. Жекеменшік инвестициялар мен халықтың тұтынушылық белсенділігі қалыпқа келуде.

Екіншіден, жаңа ауқымды реформаларды іске асыру (конституциялық реформа, рухани жаңғыру, экономикалық өсімнің жаңа моделі) еліміздің дамудың жаңа кезеңіне аяқ басқанын білдіреді және Қазақстанның әлемнің озық дамыған 30 еліне қосылу жағдайына едәуір септігін тигізеді.

Үшіншіден, Қазақстанның үшінші жаңғыруы аясындағы жаппай технологиялық жаңғыру инвесторларға экономиканың түрлі секторларында жаңа мүмкіндіктер ашады: металлургия, машина жасау, АӨК жаңғырту, өңдеу және азық-түлік өнеркәсібі және т. б.

Төртіншіден, маңызды әлемдік нарықтарға шығудың үнемі даму үстіндегі көліктік-логистикалық «жол» еліміздің бизнес үшін тартымдылығын арттырады. Инфрақұрылымға салынып жатқан инвестициялар жылдам өсушіге айналуда.

Бесіншіден, Қазақстан инновациялық жаңалықтарды уақытында енгізеді. Экономиканың негізгі салаларын технологиялық жаңартып, цифрландырудың жол картасы әзірленді, мүдделі серіктестермен бірлесіп кәсіпорындарда, оның ішінде өнеркәсіптік өндірістерде еңбек өнімділігін айтарлықтай арттыру көзделген.

Алтыншыдан, инвесторлар Қазақстанның интеграциялық саясатының арқасында ірі нарықтарға қол жеткізе алады. Еуразиялық экономикалық одақ  аясындағы интеграция инвесторларға елеулі перспективалар ашады.

Жетіншіден, заңнамалық база жетілдірілуде. Астана халықаралық қаржы орталығы — халықаралық биржалармен бірлесудің заманауи қаржы құралы ғана емес, сондай-ақ, инвесторлар туындаған дауларда сот ісін ағылшын тілінде жүргізу арқылы британдық құқықтың қағидалары мен нормаларына сәйкес шеше алатын Орталық. 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап, кез келген инвестор эксаумақтылық қағидасы бойынша өз жобасының ел аумағының қай жерінде іске асырылуына қарамастан, АХҚО-ға жүгіне алады.

Сегізіншіден, мемлекеттің нарықтағы үлесін төмендету. 902 компания бәсекелес ортаға беріледі. Сонымен қатар инвесторлар жекешелендірудің екінші ауқымды «толқынына» қатыса алады.

Бақытжан Сағынтаев өз баяндамасында «PriceWaterhouseCoopers және Дүниежүзілік банктің есебіне сәйкес, Қазақстан бүгінде салық ахуалының қолайлылық деңгейі бойынша 189 елдің ішінде 18-ші орынға ие» екенін атап өтті.

Сондай-ақ, Қазақстан Дүниежүзілік банктің Doing Business рейтингісінде әлемнің 190 елі арасында 36-орынға ие. Рейтингтің барлық 10 индикаторы бойынша жақсы көрсеткіштерге қол жеткізілді: «Миноритарлық инвесторларды қорғау» индикаторы бойынша бірінші орында, «Келісімшарттарды орындау» көрсеткіші бойынша – алтыншы орында. Қазір Үкімет Doing Business рейтингінде одан да жоғары орындарға ие болу мәселесін шешуде. Осы мақсатта ұлттық және субұлттық деңгейлерде бизнес жүргізу жағдайларын жақсарту үшін жаңа, жетінші заңнамалық түзетулер пакеті дайындалды.

 

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар