Каир университетінің студенттері қазақ тілін оқитын болады - Жаңалықтар | BNews

Каир университетінің студенттері қазақ тілін оқитын болады

15 маусым, 11:40 3188
Каир университетінің студенттері қазақ тілін оқитын болады

2018-2019 оқу жылынан бастап Каир университетінің Әдебиет факультетінде алғаш рет "Қазақ тілі" мамандығы оқытылады.

Қазақ тілі тұңғыш рет араб еліндегі университетте мамандық ретінде оқытылатын болады. Бұл жөнінде Қазақстанның Мысырдағы Елшісі Арман Исағалиевтың Каир университетінің ректоры профессор Мұхаммед әл-Хоштпен кездесуі барысында расталды, деп хабарлайды BNews.kz ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ректор 2018-2019 оқу жылынан бастап Каир университетінің Әдебиет факультетінде алғаш рет "Қазақ тілі" мамандығының оқытылатынын атап өтіп, бұл бағытта көрсеткен қолдауы үшін Қазақстан Елшілігіне алғысын білдірді.

Өз кезегінде Қазақстан 2018-2019 оқу жылынан бастап мысырлық студенттерге еліміздің жоғары оқу орындарында білім алу үшін 18 шәкіртақы бөледі.

1908 жылы құрылған Каир университеті Таяу Шығыста "әл-Азһар" университетінен кейін ең ірі жоғары оқу орны болып табылады. Қазіргі уақытта университетте барлық салаларды қамтитын 20 факультет, 10 ғылыми зерттеу институты, 1 обсерватория, 2 аурухана, 10 медициналық орталық қызмет көрсетеді. Каир университеті Таяу Шығыста орналасқанымен кейбір мамандықтар бойынша әлемдік рейтингтерде алдыңғы орындарды алады.

Атап айтқанда, фармацевтика саласында топ-100, медицинада топ 250, инженерияда топ-200, химияда топ-300 қатарына кіреді. Каир университетінің түлектерінің ішінде Нобель сыйлығының лауреаттары жазушы Н.Махфуз, саяси қайраткерлер Я.Арафат, М.Барадеи, сондай-ақ белгілі саясаткерлер мен ғалымдар бар.

Университет Қазақстанның бірқатар жоғары оқу орындарымен ынтымақтастық туралы келісімдерге қол қойған.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас жаңалықтар

`

Серіктестер жаңалықтары