Калифорниядағы өрт 150 мың тұрғын үйді шарпыды - Жаңалықтар | BNews

Калифорниядағы өрт 150 мың тұрғын үйді шарпыды

07 желтоқсан, 17:05 1816
Калифорниядағы өрт 150 мың тұрғын үйді шарпыды

Калифорниядағы өрт салдарынан Лос-Анджелестің 150 мың тұрғыны қауіпсіз жерге көшірілді, деп хабарлайды BNews.kz.

АҚШ-тың Калифорния штатында өрт сөндірушілер ауыздықтай алмай жатқан орман өрті жергілікті тұрғын үйлерге де үлкен қауіп төндіруде, деп хабарлайды CNN телеарнасы. Осының салдарынан 150 мың адам Лос-Анджелестен мәжбүрлі түрде көшірілді.

Қала мэрі Эрик Гарсеттидің мәліметінше Лос-Анджелетің 150 мың тұрғынына үйлерін тастап шығу жөнінде бұйрық берілген.  Осы аудандағы ұрлық-қарлықтың алдын алу үшін Вентура қаласында кешкі сағат оннан таңертеңгі сағат беске дейін коменданттық сағат енгізілді.

Тілсіз жаудың тез тарап кетуіне жел жылдамдығының күшеюі себеп болып отыр. Жалын кең жолақты автокөлік жолын да шарпыды. 43 мыңнан аса үй жарықсыз қалды. Калифорния штатның басқа аудандарында да қауіп деңгейі жоғары.

Ауа райын болжаушылардың мәліметінше, алдағы екі күнде жел жылдамдығы тағы күшейеді.

«Ертең желдің екпіні сағатына 33 шақырым жылдамдыққа дейін жетеді. Өрт қаупі жоғарғы деңгейге жетті. Мұндайды бірінші рет көруім. Алдағы күні қатер бұдан да ұлғаюы мүмкін», - дейді өрт сөндіру қызметінің өкілі Ральф Терразас.

Жалпы 12 мың гектардан астам аумақ өртеніп кетті. Калифорния губернаторы төтенше жағдай жариялап, жергілікті мектептер мен өзге де оқу орындары жабылып жатқанын хабарлағанбыз. Жалын шарпыған аймақта мыңдаған өрт сөндіруші, арнайы техникалар және ұшақтар мен тікұшақтар отпен күресіп жатыр.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас жаңалықтар

`

Серіктестер жаңалықтары