Қарабатандағы өрттің шығу себебін анықтауға Астанадан арнайы комиссия барады - Жаңалықтар | BNews

Қарабатандағы өрттің шығу себебін анықтауға Астанадан арнайы комиссия барады

03 наурыз, 17:02 2521 Атырау облысы
Қарабатандағы өрттің шығу себебін анықтауға Астанадан арнайы комиссия барады

Комиссия оқиғаның шығу салдары мен кәсіпорынның қызметі арасындағы байланысты тексереді.

Атырау облысы Қарабатан ауылындағы "Газ-турбина электр станциясы" құрылыс аумағындағы орын алған төтенше жағдайды тергеу мақсатында Қазақстан Республикасы Үкіметі ҚР Еңбек кодексінің 188 бабына сәйкес, жазатайым оқиғаны тергеп зерттейтін Үкіметтік арнайы комиссиясы құрылды, деп хабарлайды BNews.kz ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Аталған комиссиялық топтың құрамын Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Нұржан Әлтаев басқарады. Сондай-ақ, жасақталған топтың құрамына ІІМ, Денсаулық сақтау министрлігі және Атырау облысы әкімдігі, жұмыс беруші мен кәсіподақ өкілдері енгізілмек. Комиссия оқиғаның шығу салдары мен кәсіпорынның қызметі арасындағы байланысты тексереді", - делінген хабарламада.

Құрылған арнайы комиссия Қарабатан ауылына аттанды.

Естеріңізге сала кетсек, Атырау облысы Қарабатан ауылындағы "Газ-турбина электр станциясы" құрылысы аумағындағы жатақханада болған өрттен жалпы 7 адам мерт болды. Олардың алтауы оқиға орнында қаза тапқан болса, біреуі бүгін ауруханада көз жұмды. Бұл туралы ҚР ІІМ ТЖД ресми өкілі Руслан Иманқұлов хабарлады.

Өрт салдарынан бірнеше адам зардап шекті. Оқиға 2 наурызда, сағат 8:41-де тіркелді. ҚР ІІМ ТЖК алдын ала тергеу нәтижелеріне сай, өрт электр тоғының тұйықталуынан шыққан.

Қайтыс болғандардың отбасына материалдық көмек көрсетілетіні туралы осыған дейін хабарлағанбыз.

Ұқсас жаңалықтар