Қарағанды облысында "Оңалту түрмесі" пилоттық жобасы іске асырылады - Жаңалықтар | BNews

Қарағанды облысында "Оңалту түрмесі" пилоттық жобасы іске асырылады

22 ақпан, 19:10 1493
Қарағанды облысында

Қарағанды облысының Шахтинск қаласында еліміздегі пенитенциарлық жүйенің екі түзеу мекемесінде алғаш рет "Оңалту түрмесі" пилоттық жобасы іске қосылды, деп хабарлады ҚР ІІМ ҚАЖ комитетінің баспасөз қызметі.

Жоба Қарағанды облысында орналасқан АК-159/18 (Қарабас к.), АК-159/20 (Долинка к.) мекемелерінде іске асырылатын болады. 
Бұл Елбасының "Ұлт жоспары:100 нақты"қадам" Жолдауының 33-қадамын іске асыру шеңберінде атқарылып жатыр.
Шахтинск қаласы әкімінің орынбасары Қайыржан Тлеубергенов өз сөзінде, жобаны әзірлеуге мүдделі мемлекеттік органдар, ұлттық және шетелдік сарапшылар, сондай-ақ, түрлі үкіметтік емес ұйымдардың және Еуропалық Кеңестің "Қазақстандағы әділ сотты жетілдіру" жобасы өкілдерінің қатысқанын атап өтті. 
Қазақстан Республикасының Қылмыстық-атқару кодексіне сәйкес сотталғандарды қайта әлеуметтендіру және оңалту тұрақты түрде жүзеге асып отырғанына қарамастан, аталған жоба маңызды жаңалық енгізгелі отыр.
Біріншіден, жоба бас бостандығынан айыру орындарынан босатылуына 6-12 ай қалғандар мен шартты түрде мерзімінен бұрын босатылғандарға қатысты қолданылатын болады. 
Осы мақсатта "Оңалту түрмесінің" шеңберінде әлеуметтік-құқықтық көмек көрсетудің толықтай кешені қарастырылған. 
Оқыту барысында пилоттық жобаны жүзеге асырушылардың құзыреттілігі мен дағдылары, мақсаттары мен міндеттері айқындалады. Сотталғандардың қажеттіліктері мен тәуекелдеріне (ашу-ызаны басқару, тәуелдіклікті емдеу, қаржылық сауаттылық, тұрғын-үй бағдарламалары, т.б.) бағытталған оңалту бағдараламаларын әзірлеу көзделіп отыр. 
Сотталғанды бостандыққа даярлаудың жаңа тәсілдері оларды әлеуметке қосуда тұрақты ынталандыруды қалыптастыру, өмір сүру салтын өзгерту, дұрыс орта қалыптастыру және осы санаттағы адамдарға әлеуметтік көмек көрсету жүйесі болып табылады. 
Сонымен қатар, "Оңалту түрмесі" сотталғандардың әлеуметтік байланысын нығайтып, жоғалған құжаттарын қайта қалпына келтіруге бағытталады. 
Жоба соңында қайталама қылмыстың төмендеуі ғана емес, сондай-ақ бас бостандығынан айыру түріндегі жазаларды орындау кезінде туындайтын жағымсыз салдарды барынша болдырмау жағдайлары күтілуде. 
Атап айтарлығы, осы жобаны іске асыру кезінде АК-159/18 және АК-159/20 мекемелерінде ҚАЖ қызметкерлеріне арналып оқыту семинарлары ұйымдастырылды. Құқық қорғаушылар мен Үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері пенитенциарлық жүйе қызметкерлерін бірқатар шетелдік тәжірибелермен таныстырды.
Қарағанды облысының әкімдігімен бекітілген "Оңалту түрмесі" пилоттық жобасы 2018 жылдың І тоқсанында іске асырылататын болады.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас жаңалықтар

`

Серіктестер жаңалықтары