Қарағанды облысында сотталғандардың 70%-ы жұмыспен қамтылған - Жаңалықтар | BNews

Қарағанды облысында сотталғандардың 70%-ы жұмыспен қамтылған

10 тамыз, 14:39 3060 Қарағанды облысы
Қарағанды облысында сотталғандардың 70%-ы жұмыспен қамтылған

Аймақтағы қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінің бірінде шағын және орта кәсіп өкілдерімен өзара іс-қимылдың нәтижесінде тігін өндірісі ашылды.

Қарағанды облысында сотталғандардың 70%-ы жұмыспен қамтылған. Бұл туралы Жезқазған қаласындағы АК-159/25 қауіпсіздігі аралас мекемесінің аумағында тігін өнімдерін шығаратын өндіріс орнының салтанатты түрде ашылу рәсімінде Қарағанды облысы бойынша ҚАЖ департаментінің бастығы Дархан Қанатбеков айтып өтті, деп хабарлайды BNews.kz ҚР ІІМ ҚАЖ комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Өндіріс орны "Бизнестің жол картасы - 2020" бағдарламасының аясында ашылып отыр.

"Біздің өңірде сотталғандардың жұмыспен қамтылуы 70%-ды құрайды. Бұл шағын және орта кәсіп өкілдерімен өзара іс-қимылдың нәтижесі болып отыр. Оған дәлел ретінде облыс орталығынан 540 шақырым жерде орналасқан ҚАЖ мекемесінің аумағында ашылып отырған бүгінгі цехты айтуға болады", - деді Қарағанды облысы бойынша ҚАЖ департаментінің бастығы Дархан Қанатбеков.

Бірінші кезеңде жұмыспен қамтылған 10 шақты жазасын өтеуші азамат төсек-орын жабдықтарын тігеді, сондай-ақ жақында "Қазақмыс" корпорациясынан арнайы қолғаптар мен киімдер тігуге тапсырыс қабылданды. Еңбек жалақысы келісімді түрде айына 30 мың немесе одан да жоғары теңгені құрайды.

Айта кетейік, аталған өндіріс орнында жазасын өтеу мерзімі аралығында "Жезқазған технология және қызмет көрсету колледжінде" оқыту курсынан өткен және "Тігін" мамандығы бойынша мемлекеттік үлгідегі диплом алған сотталғандар жұмыс істеп жатыр.

"Мұндай өндіріс орындарының ашылуы тек қосымша жұмыс орындарымен қамтамасыз етіп қана қоймай, сотталғандарды тәрбиелеу және қайта әлеуметтендіру процесінде ерекше орын алады", - дейді Дархан Қанатбеков.  

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас жаңалықтар

`

Серіктестер жаңалықтары