Қарағанды облысында шұғыл оқиғаларды хабарлауға арналған бірыңғай нөмір пайда болады

15 қараша, 2018, 17:02 3304 Қарағанды облысы
Қарағанды облысында шұғыл оқиғаларды хабарлауға арналған бірыңғай нөмір пайда болады

Нөмір "911" құтқару қызметі үлгісінде жұмыс істейтін болады.

Қарағанды облысында азаматтар тек шұғыл оқиғалар туралы хабарлап қоймай, сондай-ақ басқа да кез келген сұрақтар бойынша хабарласа алатын бірыңғай нөмір пайда болады. Бұл туралы облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды BNews.kz.

Қарағанды облысы алғашқылардың бірі болып республикамызда осындай басқарма құрған. Ол осыдан үш ай бұрын құрылды. Штатқа ІТ саласында білімі бар және мемлекеттік қызметте еңбек ету тәжірибесі бар 12 қызметкер алынды. 

Басты міндет – жергілікті атқарушы органдардың "Цифрлық Қазақстан" мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асырудағы іс-әрекеттерін үйлестіру болып саналады. Негізгі бағыттар келесідей: "ақылды қала" жобаларын алға жылжыту; электрондық форматта мемлекеттік қызметтерді дамыту; халықтың цифрлық сауаттылығын жоғарылату. 

Басқарма облыс басшылығына "ақылды қалаларды" дамыту тұжырымдамасының нұсқасын ұсынған. Құжат қарастырылу барысында. Сондай-ақ, түрлі салаларда бірнеше ірі жобалар құрылып жатыр. 

"Солардың бірі – "Қауіпсіз қала" аппараттық-бағдарламалық кешенін енгізу. Жүйе кешендік ақпараттық жүйе құру есебінен қоғамдық қауіпсіздік және қоршаған орта қауіпсіздігі деңгейін жоғарылатуға арналған. Ол құқық қорғау органдарына оқиғаларға шұғыл әрекет етуге мүмкіндік береді", - дейді Ақпараттандыру, мемлекеттік қызметті көрсету және мұрағаттар басқармасы жетекшісінің орынбасары Рустам Байжанов. 

Бұл жоба шеңберінде қала көшелерінде, білім және денсаулық сақтау ұйымдарында бейнебақылау камералары орнатылып жатыр. Жүйе сонымен қатар қандай да бір оқиғалар туралы ескертулер жасау элементтерін қарастырады: "ақылды" жол қиылыстары, жылдамдықты өлшеуіштер, шұғыл шақырту пернелері және тағы басқа.

"Облысымызда "911" құтқару қызметі үлгісінде Бірыңғай үйлестіру орталығын құру жоспарланып отыр. Бұл жоба құрылу барысында. Ол мемлекеттік-жекеменшік әріптестік механизмі бойынша жүзеге асырылады. Бірыңғай нөмір құрылады, онда тұрғындар шұғыл оқиғалар туралы ғана емес, сонымен қатар басқа да мәселелер бойынша көмекке жүгіне алады. Біз осы жоба арқылы барлық міндеттерді бір терезе жүйесіне бірлестіруді көздеп отырмыз", - деп мәлімдеді Рустам Байжанов. 

Оның айтуынша, қазірдің өзінде үш әлеуетті орындаушы анықталған. 

"Олардың барлығы отандық компаниялар, оның ішінде екеуі қарағандылықтар. Енді біз байқау өткізуіміз тиіс, оның қорытындысы бойынша жеңімпаз анықталатын болады", - деді басқарма жетекшісінің орынбасары. 

Тағы бір ауқымды жоба Қарағанды облысында геопортал құруға бағытталған. Оның мақсаты – жер қатынасы саласында мемлекеттік қызметті жетілдіру. Жоба электронды көп қатпарлы карта құруды қарастырады. Оны жүзеге асыру мемлекеттік қызметтің мөлдірлігін қамтамасыз етеді және азаматтарға үйінен шықпастан жерге қатысты мәселелерді шешуге мүмкіндік береді.

Бұған қоса, басқарма негізгі орынға адами ресурстарды қойып отыр. ІТ саласындағы жоғары білікті мамандарды біріктіру және оларға туған өлкесінде жұмыс істеуге қолайлы жағдай қамтамасыз ету қажет. Ол үшін салалық қауымдастық құрылған. 

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар