Қарағанды облысының әкімі қанша жалақы алады және оны қайда жұмсайды

15 қазан, 2018, 17:42 2197 Қарағанды облысы
Қарағанды облысының әкімі қанша жалақы алады және оны қайда жұмсайды

Облыс әкімі жұмысбастылығына орай отбасылық бюджетпен айналысуға уақыты жоқ екенін, сондықтан қаражатты жұбайы басқаратынын айтып өтті.

Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошановтың жалақысы ҚР Үкіметінің саяси мемлекеттік қызметкерлердің жалақысын есептеу туралы қаулысына сай саналады. Онда сондай-ақ, мемлекеттік қызметтегі еңбек өтілі де ескеріледі – аймақ басшысында ол 20 жылдан асады. Еңбек өтілін есепке алғанда айына 967 мың 672 теңге шығады, міндетті салықтық шегерулер мен аударымдарды есептегенде, қолына 786 мың 642 теңге алады, деп хабарлайды BNews.kz Қарағанды облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Сонымен қатар, аймақ басшысы өзіне қосымша төлемдер мен сыйақылар жазбайтынын және алмайтынын мәлімдеді. Аппарат қызметкерлері және басқа да мемлекеттік қызметкерлер қаражаттардың үнемделуі есебінен сыйақы алады. 

"Мен адам жақсы жұмыс істесе, мұндай артықшылықтар беріп отырғанды құптаймын", - деді Ерлан Қошанов. 

Облыс әкіміне жалақысы жете ме және оны қайда жұмсайды деген сұраққа тоқталар болсақ, ол жұмысбастылығына орай отбасылық бюджетпен айналысуға уақыты жоқ екенін, сондықтан қаражатты жұбайы басқаратынын айтып өтті.

"Көптеген отбасыларындағыдай, негізінен қаражатымыз азық-түлікке, коммуналдық қызметтерді төлеуге, үйге қажетті заттарды, киім алуға жұмсалады және де қажет болған жағдайда, емделуге кетеді", - деп түсіндірді аймақ басшысы. 

Сондай-ақ, Ерлан Қошанов журналистердің "Әкімнің жалақысы аз ба, әлде көп пе?" деген сұрағына жауап берді. 

"Маған айлық ақымды мемлекет тағайындайды және төлейді. Есептеулер заңнамалық нормаға сай жүргізіледі. Сондықтан менің аз немесе көп алам деген жеке пікірімді білдіру әдепсіздік болар. Егер мен жекеменшік секторда жұмыс істесем, ол жерде мен жұмыс берушіме өз пікірімді және позициямды айта алар едім. Алайда мен мемлекеттік қызметкер болғандықтан, мұнда, тағы қайталап айтайын, өз жеке пікірімді ортаға салу әдепсіздік болады. Маған және менің жұмысыма бағаны Президент пен облыс тұрғындары береді", - деп қорытындылады Ерлан Қошанов. 

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар