Қарағанды облысының әкімі орынбасарларына автобуспен жүруді тапсырды

25 қыркүйек, 2018, 11:26 1490 Қарағанды облысы
Қарағанды облысының әкімі орынбасарларына автобуспен жүруді тапсырды

Шенеуніктер кем дегенде аптасына бір рет қоғамдық көлікпен жүруі тиіс.

Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов өзінің орынбасарларынан кем дегенде аптасына бір рет қоғамдық көлікпен жүруді талап етті. Осылайша, аймақ басшысы жолаушыларға көрсетілетін қызмет сапасының жақсаруын қалайды, деп хабарлайды BNews.kz аймақ әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Аппараттық жиналыста ол Қарағанды қаласының әкімінен электрондық жол ақы жүйесінің енгізілуіне қатысты есепті талап етті.

"Біз бұл туралы қаңтарда айтқан болатынбыз. Сіздер мамырда іске қосамыз деп уәде берген болатынсыздар. Мен білемін – іске қостыңыздар. Енді қандай деңгейде екені туралы мәлімдеңіздер", - деді Ерлан Қошанов. 

Қала әкімінің айтуынша, құрылғыларды орнату жұмыстары аяқталды. Ол аталмыш жүйе жыл соңына қарай жұмыс істей бастайтынына уәде берді. 

"Біз барлық жеңілдік берілетін азаматтар, әлеуметтік көмек алатындар тізімін реттедік. "КаР-Тел" компаниясымен интернет тарату жөнінде келісімшарт жасалды. Қыркүйектен бастап жүйеге қызмет көрсетуге байланысты жұмыстар басталды. Шамамен 300-ге жуық адам жұмыс істейді, ол – бағдарламалаушылар, диспетчерлер, техниктер. Жалпы, құрылғыларды орнатуды біз аяқтадық. Желтоқсанда жүйені толықтай іске қосамыз", - деп мәлімдеді Нұрлан Әубәкіров.

Ерлан Қошанов электрондық билеттеу жүйесін енгізуді бақылауды жалғастыруды тапсырды. Бұған қоса, ол жолаушыларды тасымалдау сапасына назар аударды. 

"Сіздер нашар бақылайсыздар. Мен де көріп отырмын ғой. Тағы да біз бұрыңғы жағдайға оралып келеміз. Тазалық, жүйелілік және сыпайы қызмет көрсету сапасы – осының барлығын қадағалауды жалғастыру қажет. Кесте құруды тапсырамын: менің орынбасарларым, басқарма басшыларынан бастап, барлығын маршруттар бойынша бөліп тастаңыздар, қоғамдық көлікпен жүрсін. Ол тізімге Қарағандының әкімін де енгізіңіздер, өз орынбасарларымен бірге жүрсін", - деді Ерлан Қошанов қала басшысына.

Шенеуніктер қоғамдық көлікте жүрген әр сапарларын сипаттаулары тиіс, ал облыс әкімі апта сайын жинақ есептеме алып отыруы тиіс. 

Естеріңізге сала кетейік, электрондық билеттеу жүйесін енгізу жоспары туралы Қарағандыда алғаш рет 2017 жылдың күзінде айтылды. 2018 жылдың маусымында тестілік режимде жұмыс істей бастаған алғашқы терминалдар орнатылды. Құрылғыларды Қарағандыға Корей елінің Пусан қаласынан жеткізген. 

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар