Қарағанды облысының тұрғындарына 2020 жылы толығымен цифрлық хабар таратылады

14 қараша, 2018, 09:58 1698 Қарағанды облысы
Қарағанды облысының тұрғындарына 2020 жылы толығымен цифрлық хабар таратылады

Демек, тіпті ең шалғайдағы ауыл тұрғындарының өзі 15 отандық арнаны тұнық кескін мен анық дыбыста көреді.

Қарағанды облысында ескі аналогтық телевизияны өшіріп, толығымен цифрлық хабар таратуға өту 2020 жылдың екінші жартысына жоспарланған. Демек, тіпті ең шалғайдағы ауыл тұрғындарының өзі 15 отандық арнаны тұнық кескін мен анық дыбыста көреді. Ал облыс орталықтары мен оған жақын орналасқан қалалықтарға 30 телеарнаға дейін қолжетімді болады, деп хабарлайды BNews.kz.

Цифрлық эфирлік телевизияға толығымен көшкенге дейін облыста 35 радиотелевизиялық станцияны (РТС) жаңғырту және салу жоспарланып отыр. Қарағанды мен Жезқазғанда екі РТС 2012 жылы салынып қойған. Яғни Теміртау, Шахтинск, Абай, Сәтпаев және басқа да қалалар цифрлық сигналды қазірден қабылдап отыр. Оған қосылу үшін T2 ұяшығы бар теледидар мен дециметрлік антенна жеткілікті. Не болмаса кез келген техника дүкенінде сатылатын арнайы қабылдағыш болуы қажет.

"Қазтелерадио" АҚ Қарағанды филиалының директоры Жұмабаев Арман Қайрылбайұлының айтуынша, бұл ретте әсіресе шалғайда орналасқан ауыл тұрғындарының телеарналардан қол үзіп қалу қаупі бар. Әңгіме әлі басқа телевизияға қосылмаған азаматтар жайлы болып отыр. Дегенмен, ауылдағы ағайынның дені әлдеқашан OTAU TV-ны орнатып алған.

Цифрлық эфирлік телевизияға қосылу анағұрлым арзан. Мұндай қабылдағыштың құны 3000 теңгеден басталады. Спутниктік ТВ шамамен 30000 теңгеге түседі. Оған антенна (тарелка), сым, сигналды үдеткіштің бағасы еніп тұр. Қабылдағыштың өзі 15000 мен 18000 теңге аралығында. OTAU TV спутнигінің тегін қоржынында 60 теле- және радиоарна қолжетімді.

Цифрлық телевизияға түгел көшіп, аналогтықты өшіргенге дейін қосылу бойынша халықты БАҚ және әлеуметтік желі арқылы, ақпараттық баннерлер мен бейнероликтердің көмегімен құлақтандыру жоспарланған.

Сонымен қатар, атаулы әлеуметтік көмек алатын азаматтарға цифрлық сигналды қабылдағыштарды үлестіру жұмыстарын жергілікті әкімдіктер жүзеге асырады. 2017 жылғы дерек бойынша, Қарағанды облысында мұндай 1300-ден астам адам бар.

Өңірдегі 143 елді мекен цифрлық сигнал қамтитын аймаққа енбейді. Бұл облыстың 47000-ға жетеқабыл тұрғынын қамтитын, 20 үйден сәл асатын шағын ауылдар.

Осы жылдың қазан айында Маңғыстау облысы аналогтық хабар тарату жүйесінен ажыратылды. Келесі кезекте – Жамбыл және Түркістан облыстары мен Шымкент қаласы тұр. Жалпы 2021 жылы республикада халықтың 95%-ын қамтитын 827 радиотелевизиялық станция іске қосылалы.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар