Қарағандыда аллергологиялық орталық ашылды - Жаңалықтар | BNews

Қарағандыда аллергологиялық орталық ашылды

22 ақпан, 09:21 674 Қарағанды облысы
Қарағандыда аллергологиялық орталық ашылды

Құрылысқа 500 млн теңге қаражат салынды және бұл қаржының жартысы медициналық құрылғыларға жұмсалды.

Қарағандыда Облыстық аллергологиялық орталық жұмысын бастады. Денсаулық сақтау саласындағы жоба мемлекеттік-жекеменшік әріптестік желісі бойынша жүзеге асырылды, деп хабарлайды BNews.kz Қарағанды облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов жаңа медициналық ұйымның жұмысымен танысып қайтты. Аймақ басшысы бұл Қазақстанда облыстық деңгейдегі алғашқы аллергологиялық орталық екендігін атап өтіп, инвесторларға алғысын білдіріп, мекемеге жемісті жұмыс тіледі.

Орталық "Olymp Medical Group" ЖШС инвестициясы есебінен құрылды. Салынған қаражат 500 млн теңгені құрады және бұл қаржының жартысы медициналық құрылғыларға жұмсалды. Жабдықтар арасында қазіргі заманғы сандық рентген-құрылғысы, соңғы үлгідегі лор-комбайн бар.

Ғимарат ауданы – 1300 шаршы метрден артық. Орталық бір ауысымда 100 келушіге шақталған. Сонымен қатар, алты төсегі бар күндізгі стационар жабдықталған. Дәрігерлік тәжірибемен қатар, орталықта ғылыми зерттеулер өткізу жоспарланып отыр. Оның базасында Қарағанды мемлекеттік медициналық университетінің иммунология және аллергология кафедрасы орналасқан. 

Облыстық аллергологиялық орталықтың бас дәрігері Меруерт Ғазалиева орталықтың ерекшеліктері туралы айтып берді.

"Біздің орталықтың ерекшелігі – мұнда ересектер мен балаларға арналған аллерголог дәрігерлермен қатар, біздікімен байланысты мамандықтар дәрігерлері: пульмонолог, инфекционист, эндоскопшы және басқалары болады. Біз емделушілер үшін бір жерде қажетті талдауларды тапсырып, осында білікті кеңес алуға болатындай барынша жайлы жағдай жасауға тырыстық", - дейді Меруерт Ғазалиева.

Сондай-ақ, ол зертханалық талдаулар арқылы 200-ден астам аллергендерді анықтай алатындарын және 10-нан астам тері сынақтарын өткізе алатындарын атап өтті.

Жекеменшік орталықтың қызметін емделушілер мемлекеттік тапсырыс арқылы тегін ала алады. Оны орналастыру мәселесі жақын арада шешілетін болады. Емхана жетекшілері қазірдің өзінде орталықтың жұмысымен танысып шықты. 

"Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры" АҚ Қарағанды филиалының директоры Фазыл Копобаев емделушілерге диагностикалық қызметтердің барлық түрін көрсетуге қаражат жеткілікті екендігін айтты.

"Мұнда бірлесе атқару аясында мемлекеттік тапсырыс орнастырылады. Әр емханада кеңес беруге, диагностикалық қызметтердің барлық түрін көрсетуге қаражат бар. Оның ішінде науқастардың дертіне сай аллергологтың тексеруі қажет болған жағдайда емханадан осы орталыққа жіберілетін болады", - деп түсіндірді Фазыл Копобаев.

Cонымен қоса, күндізгі стационарға да мемлекеттік тапсырыс жасалуы мүмкін – бұл тікелей қормен келісімшарт жасасу арқылы мүмкін болады. Әрбір науқастың емделуі мемлекет тарапынан қаржыландырылатын болады. 

Айта кетейік, аллергопатология бүгінгі таңда ересектер мен балалар арасында ең көп таралған ауру болып табылады. Статистикаға сай Қазақстанда аллергиямен әрбір үшінші тұрғын ауырады. 

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас жаңалықтар

`

Серіктестер жаңалықтары