Қарағандыда салынып жатқан әлеуметтік нысандар таныстырылды

16 қаңтар, 2019, 10:49 1749 Қарағанды облысы
Қарағандыда салынып жатқан әлеуметтік нысандар таныстырылды

Биылғы жылы қалада ауданы 12 мың шаршы метрді құрайтын Оқушылар сарайы бой көтереді.

Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов Елбасының тапсырмасы бойынша салынып жатқан әлеуметтік нысандармен танысты, деп хабарлады облыс әкімдігінің ресми сайты. 
Жаңа мектеп-лицей 1200 оқушы қабылдап, осы аудан тұрғындарының қажеттілігін толық қанағаттандыратын болады. Мектептің бағыты техникалық және экологиялық - биологиялық бағыт болады. Білім беру қазақ және орыс тілдерінде өтеді. 
Білім ордасы ең заманауи стандарттар бойынша жабдықталған. Сыныптар интерактивті техникамен қамтамасыз етілген. Еңбек сабағына арналған шеберxаналар бар. Негізгі оқудан бөлек, оқушылар түрлі үйірмелер мен спорт секцияларына бара алады. 
Мектепті аралау барысында облыс әкімі биылғы жылы Қарағандыда Елбасының тапсырмасы бойынша бірқатар әлеуметтік нысандардың құрылысы басталатынын атап өтті. Мысалы, биылғы жылы құрылысшылар ауданы 12 мың шаршы метрді құрайтын Оқушылар сарайын көтеруге кіріседі. Сарайда әр бала өзінің қалауынша үйірме таңдай алады. Ол күніне шамамен 3700 бала қабылдауға қауқарлы болады. Жаңа мекеме теxникалық және химия-биологиялық бағытта болады. Балалар гидропоник, ғарышкерлік, нанотехнологиялар, авиамодельдеу, робототехника саласында машықтарын дамыта алады. Сондай-ақ көркем және қолөнер, тілдерді үйрену үйірмелері құрылады. Барлығы 50-ге жуық үйірмелер болады деп жоспарлануда. 

Жоба бойынша оқушылар сарайында 380 орындық көрермендер залы қарастырылған. Балалар таза ауада спортпен шұғылдану мүмкіндігіне ие болады, футбол және екі баскетбол алаңдары жабдықталады.

 Фото:karaganda-region.gov.kz

"Президенттің өткен жылы біздің облысқа жасаған жұмыс сапары барысында біз оны Қарағандының Жаңа орталығы жобасымен таныстырған болатынбыз. Елбасы бізге бірінші кезекте әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуды тапсырды. Біз берілген тапсырманы орындауға кірісіп кеттік. Оқушылар сарайы - бұл шынымен де ең маңызды, қажетті нысандардың бірі. Осыдан 50 жыл бұрын салынған қазіргі Балалар және жасөспірімдер сарайының мүмкіндігі шектеулі. Ал жаңа сарай жан-жақты жабдықталып, балалар қалаған үйірмесіне бара алады",  - деді Ерлан Қошанов.

Бұған қоса, әкімнің айтуынша, көктемде Жаңа орталықта олимпиада стандарттарына сай келетін жаңа 50 метрлік бассейн салынады деп жоспарлануда. Жоба қазіргі таңда дайын және мемлекеттік сараптамаға жіберілген. 

Алдын ала есептеулер бойынша, ғимараттың ауданы 24 мың шаршы метрді құрайтын болады. Олимпиадалық үлгідегі 10 жүзу жолақшалары, трамплин аумағы, құрғақ зал және спортшылардың жаттығуларына қажетті басқа да инфрақұрылымдар қарастырылған.

Ерлан Қошанов басқа да құрылыс жоспарлары туралы айтып берді. Қазіргі таңда Қарағандыда күрес орталығы және концерт залының құрылысына арналған жобалық-сметалық құжаттар жасалуда. Шахтинск және Жезқазғанда биылғы жылы дене шынықтыру-сауықтыру кешендерінің құрылысы басталады. 

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар