Қарағандыда тілсіз жау 3 бала мен ер адамның өмірін қиды - Жаңалықтар | BNews

Қарағандыда тілсіз жау 3 бала мен ер адамның өмірін қиды

15 қараша, 10:09 2165 Қарағанды облысы
Қарағандыда тілсіз жау 3 бала мен ер адамның өмірін қиды

Қарағанды облысының Долинка ауылында тұрғын үй өртеніп, салдарынан 2, 3 және 6 жастағы бала мен 63 жастағы ер адам қаза тапты, деп хабарлайды BNews.kz Baq.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.

Шахтинск қаласының жанындағы Долинка ауылындағы 5 пәтерлі бір қабатты үйден өрт шығып, тілсіз жау үш бала мен ер адамның өмірін қиды. Төтенше жағдай 14 қараша күні күндіз болған.

Өрт сөндірушілер келгенге дейін тұрғындар жанып жатқан үйден өз күштерімен 2011 және 2015 туған екі баланы алып шыққан. Олар Долинка ауылының ауруханасына жеткізілген. Алайда, дәрігерлер балалардың өмірін арашалап қала аламады. 2014 жылы туған бала мен 1954 жылғы ер адамның мәйітін жергілікті полиция қызметкері өрт сөндірушілер келгенге дейін тапқан.

«Сағат 14.12-де кезекші бөлімге Долинка кентіндегі өрт жайлы ақпарат түсті. Оқиға орнынан өрт сөндірушілер келген уақытта үйдің бөлмелері мен шатыры жанып жатқан. Өрт сөндіруге Төтенше жағдайлар департаментінің «Өрт сөндіру қызметі және апаттан құтқару қызметінің» күші жұмылдырылды. Жалынды сөндіруге 15 адам мен 4 техника қатысып, тілсіз жау 15.08-де ауыздықталып, 15.16-да сөндірілді. Өрт 70 шаршы метр аумақты шарпыған», - деді Қарағанды облысы төтенше жағдайлар департаментінің ресми өкілі Жанна Дәуренбекова.

Куәгерлер мен көршілердің айтуынша, үйде көп балалы отбасы тұрған. Балалардың анасы оларды әжесіне тастап, жұмысқа кеткен. Әжесі болса балаларды көзі көрмейтін атасының жанына қалдырып, есікті жауып, үйден шығып кеткен.

«Өрттің не себепті шыққаны белгісіз. Ең қиыны анасының бір күнде үш бірдей кішкентайынан айырылуы», - дейді осы үйдің көршісі.

Қазіргі уақытта Қарағандының еріктілері отбасына көмектесу үшін қаржы жинап жатыр.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас жаңалықтар

`

Серіктестер жаңалықтары