Қарағандыда транзиттік автокөліктерге айналма жол салынады - Жаңалықтар | BNews

Қарағандыда транзиттік автокөліктерге айналма жол салынады

23 ақпан, 19:44 1466 Қарағанды облысы
Қарағандыда транзиттік автокөліктерге айналма жол салынады

Құны 34 млрд теңгені құрайтын жобаны жүзеге асыруды биыл бастайды.

Қарағанды облысында автомобиль жолдарын белсенді түрде қалыпқа келтіру жұмыстары жалғасуда. 2018 жылға құрылған жоспарлар жайлы аймақ басшысы Ерлан Қошанов халық алдындағы есептік кездесуі барысында айтып өтті, деп хабарлайды BNews.kz Қарағанды облысы ішкі саясат басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Қарағандыда жұмысымды бастаған бетте бірінші кезекте назар аударғаным – ол жолдар болды. Бірлесе отырып салған күшіміздің, салалық министрліктердің қолдауының арқасында біз ауқымды жөндеу кампаниясын өткіздік, онда 863 шақырым жолды қамтыдық. Жөндеу жұмыстарының құны 33,5 млрд теңгені құрады", - деп есеп берді облыс әкімі.

237 шақырым жол облысымыздың ірі қалаларында – Қарағанды, Жезқазған, Теміртау, Балқаш шаһарларында жөнделді.  Қарағанды-Жезқазған, Қарағанды-Қарқаралы автожолдары нашар жағдайда болды. Өткен жылы бұл трассалардағы анағұрлым проблемалы бөліктер жөнделді, 2018 жылы жұмыстар аяқталады.

"Биылғы жылы жөндеу жұмыстарының көлемдері әуелгі деңгейде сақталып қалады. Толыққанды 6 жолақты автобан болатын Қарағанды-Теміртау жолын жайластыруды аяқтаймыз. Қарабас-Жартас учаскесінің күрделі жөндеуі аяқталады және Ақтоғай-Балқаш учаскесінде күрделі жөндеу жалғасады. 2015 жылы көктемгі су тасқынынан зардап шеккен 4 көпірді қайта қалпына келтіру жұмыстары тәмамдалады", - деп бөлісті Ерлан Қошанов.

Сонымен қатар, Қарағандыны айналып өту жолының учаскілерінде белсенді құрылыс басталады. Құны 34 млрд теңгені құрайтын жобаны жүзеге асыру арқылы қаланың көлік қозғалысын сәл босатуға болады. Солтүстік және Шығыс айналма жолдар пайда болады.

"Қарағанды арқылы тәулігіне 22 мың транзитті көліктер жүріп өтеді – бұл ауаны ластайды, кептеліс қалыптастырады, жол қозғалысы қауіпсіздігіне әсер етеді", - деп атап өтті облыс әкімі.

Сонымен қатар, Павлодар облысының шекарасына дейін баратын Қарағанды-Баянауыл жолының ең проблемалық учаскілерін жөндеу жоспарда тұр. Жәйрем-Қаражал және Қаражал-Атасу жолын жөндеуді бастап, 2019 жылы аяқтау көзделіп отыр. 

"Бірнеше жылда алғаш рет ауылдық жерлердің жолдарына ерекше назар аударылады. Бұл бағыттарға 3,4 млрд теңге бағытталады. Осының есебінен 220 шақырым ауылдық жолдар қамтылатын болады. Сонан соң бұл мәселені облымысыздың ауылдық аймақтарында шешетін боламыз", - деп қосты аймақ басшысы.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас жаңалықтар

`

Серіктестер жаңалықтары