Қашқын Мұратхан Тоқмәди ұсталған соң, ҰҚК оның қалай қашқанын тексеруде - Жаңалықтар | BNews

Қашқын Мұратхан Тоқмәди ұсталған соң, ҰҚК оның қалай қашқанын тексеруде

09 наурыз, 2018, 12:54 1293 Жамбыл облысы
Қашқын Мұратхан Тоқмәди ұсталған соң, ҰҚК оның қалай қашқанын тексеруде

Өткен түні полиция қызметкерлерінің жан-жақты толықтай қоршауға алуы нәтижесін берді: Тоқмәди ұсталып, тергеу изоляторына қамалды.

Банкир Ержан Тәтішевті өлтірді деп айыпталып отырған Мұратхан Тоқмәди күзеттен қашып кетіп, түнде қайта қолға түсті, деп хабарлайды  BNews.kz ҚР ҰҚК баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

ҚР ҰҚК баспасөз қызметінде хабарлағандай, Мұратхан Тоқмәди 8 наурызда Тараз қаласындағы облыстық ауруханадан қашып кету әрекетін жасаған.

"2018 жылдың 8 наурызында шамамен сағат 19:20-да 1966 жылы туған, Шығыс Қазақстан облысы Аягөз қаласының тумасы, ұлты қазақ, М.К. Әбләзовтің тапсырысы бойынша "Банк Тұран Әлем" АҚ басқармасының бұрынғы төрағасы Е.Н. Тәтішевті қасақана өлтірді деп айыпталып отырған Тоқмәди Мұратхан Шакерханұлы Жамбыл облыстық ауруханасының ғимаратынан қашып кету әрекетін жасады. Жамбыл облысы бойынша қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында өтіп жатқан сот процесі барысында Тоқмәди денсаулығына байланысты шағымданды және сол себеті Жамбыл облыстық ауруханасында уақытша болған", - делінген хабарламада.

ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінде хабарлағандай, іздеу шаралары жүргізіліп, Тоқмәди Тараз қаласында жедел түрде қолға түсірілді және Жамбыл облысы бойынша аумақтық ҚАЖ департаментінің ЖД-158/1 мекемесіне (Жамбыл облыстық ІІД-нің тергеу изоляторына) қамауға алынды.

"Қазіргі кезде Тоқмәдидің қашып кету себебі мен қалай қашқандығын анықтауға бағытталған іс-шаралар жүргізіліп жатыр", - деп атап өтті Ұлттық қауіпсіздік комитетінде.

Айта кетейік, кеше кешке әлеуметтік желілерде және қала бойынша полиция қызметкерлері Тоқмәдидің қашып кеткені туралы хабар таратқан болатын. Таратылған хабарламада оның тізеге дейін келетін қара күртке, қара-қоңыр түсті трико мен қара түсті крассовка кигені жазылған.

Тоқмәдидің қашқаны туралы ақпаратты кеше кешке Жамбыл облысы ІІД-нің кезекшісі мен айыпталушы жатқан аурухана қызметкері растады.

"Ия, ол сағат 19:00 шамасында облыстық ауруханадан қашты. Қазіргі кезде қалада іздеу шарасы жүргізіліп жатыр", - деді полиция подполковнигі Қадыров.

"Қашып кетті деп жатыр. Ол біздің ауруханада жоқ", - деді BNews.kz ақпараттық агенттігінің тілшісіне аурухананың қабылдау бөлмесінде.

Қылмыстық-атқару жүйесі комитетіндегілер кеше түнде Тоқмәдидің қашып кеткені туралы білмейтіндерін хабарлады.

"Ондай ақпарат келіп түскен жоқ", - деді ҚР ІІМ ҚАЖ комитеті баспасөз қызметінің басшысы Ғалымжан Хасенов.

Тараз қаласында кеше кешке және түнде кейбір көшелер жабық болды, полиция қызметкерлері қызметтегі иттермен жүрді. Қаладан шығатын орында барлық автокөлікті тексерді.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Таразда Мұратхан Тоқмәдиге қатысты сот отырысы өтіп жатыр. Кәсіпкер, "КазСтройСтекло" компаниясының директоры 2004 жылы банкир Ержан Тәтішевті өлтірді деп 1997 жылғы редакциядағы ҚР ҚК 96-баптың 2-тармағының "ж", "з" пунктерi (алдын ала келiсiп, топпен қасақана адам өлтiру) бойынша айыпталып отыр.

Айыпталушы айыбын толық мойындап, Мұхтар Әбләзовтің тапсырысы бойынша қылмыстық істі жасағанын хабарлаған болатын.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар