Кәсіпкерлерге алкоголь өнімдерінің саудасына лицензия алу жеңілдейді - Жаңалықтар | BNews

Кәсіпкерлерге алкоголь өнімдерінің саудасына лицензия алу жеңілдейді

13 ақпан, 15:11 887
Кәсіпкерлерге алкоголь өнімдерінің саудасына лицензия алу жеңілдейді

Биылғы жылдың соңына дейін кәсіпкерлер үшін алкогольдік өнімдерді сақтау, көтермелеп және жекелеп сатуға лицензия алу айтарлықтай жеңілдейді.

"Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорация арқылы көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді іріктеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысында Мемлекеттік кірістер комитетінің құзырындағы мемлекеттік қызметтерді оңтайландыру туралы шешім қабылданды. Осы жылдың соңына дейін кәсіпкерлер үшін алкогольдік өнімдерді сақтау, көтермелеп және жекелеп сатуға лицензия алу айтарлықтай жеңілдейді, деп хабарлайды BNews.kz "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы" КЕАҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Қазір кәсіпкерлер алкоголь саудасына төрт құжат жинаса, болашақта тек қана электрондық үкімет порталында мәліметтер формасын ғана толтырып, мемлекеттік баж салығын төлеп, өзінің электрондық-цифрлық қолтаңбасын (ЭЦҚ) қоюы жеткілікті. Ал өзге де қажетті мәліметтерді мемлекеттік орган автоматты түрде тиісті ақпараттық жүйелерден алады", - делінген хабарламада.

Сондай-ақ, рұқсатқа қол жеткізу мерзімі он бес жұмыс күнінен бір күнге дейін қысқарады. Ал этил спирті мен темекі өнімдерін шығару лицензиясын алу мерзімі он бес күннен он жұмыс күніне дейін шегеріледі.

Еске сала кетейік, Астана мен республикалық маңызы бар қалаларда алкогольдік өнімдерді сақтау және жекелеп сату лицензиясының құны 100 АЕК, аудандық маңызы бар қалалар мен ауылдарда – 70 АЕК, ауылдық елді-мекендерде – 30 АЕК, сондай-ақ, көтермелеп сату және сақтау лицензиясы 200 АЕК құрайды. Рұқсатты қайта рәсімдеу – лицензия берілгендегі төлемнің 10%, көшірмесін жасату – 100% құрайды.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас жаңалықтар

`

Серіктестер жаңалықтары