Каспий теңізінің құқықтық мәртебесін айқындайтын Конвенцияға қол қойылды

12 тамыз, 2018, 17:42 2407 Маңғыстау облысы
Каспий теңізінің құқықтық мәртебесін айқындайтын Конвенцияға қол қойылды

Ақтау саммитіне қатысушы бес мемлекеттің президенттері 1996 жылдан бері қызу талданып, нақты бір шешімі табылмай келген өзекті сауалға нүкте қойды.

Ақтау саммитіне қатысушы бес мемлекеттің президенттері 1996 жылдан бері қызу талданып, нақты бір шешімі табылмай келген өзекті сауалға нүкте қойып, Каспий теңізінің құқықтық мәртебесін айқындайтын Конвенцияға қол қойылды, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.

Каспий маңы елдері, соның ішінде қазақ мемлекеті, Маңғыстау өңірі үшін тарихи маңызға ие құжатқа Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин, Әзірбайжан елінің Президенті Ильхам Алиев, Түркіменстан Республикасының Президенті Гурбангулы Бердімұхамедов пен Иран Ислам Республикасының Президенті Хасан Рухани қол қойды.

Бұдан былай Каспий – көл немесе теңіз деген ұғым қатар жүреді. 22 жылға созылған келіссөздерден соң тараптар осындай мәмілеге келді.

ТМД елдері институтының Қазақстан және Орта Азия бөлімінің меңгерушісі Андрей Грозиннің айтуынша, Каспий маңындағы бес мемлекет басшылары әлем тарихында бірегей құжат қабылдады. Оның негізінде Каспий айдыны тараптар үшін теңіз қайраңы, еркін экономикалық және балық аулау аймақтары деп бөлінеді.

Негізгі баяндама жасаған Қазақстан Президенті бұған дейін өткен Каспий саммиттерінің рөліне ерекше тоқталып, онда келіссөз үдерісіне қажетті саяси серпіліс берілгенін және қайшылық ұстанымдар бойынша келісімге қол жеткізілгенін айтты.

Нұрсұлтан Назарбаев Каспий өңірінің тарихы бірегей әрі мәдениеті алуан түрлі екенін, мұнда адам ресурстары мол және бай табиғи қор шоғырланғанын, сонымен қатар, теңіздің географиялық тұрғыдан тиімді орналасуының арқасында зор геосаяси маңызға ие болып отырғанын атап өтті.

"Бүгінде Каспий маңы елдерінің әлеуеті зор және қарқынды дамып келе жатыр. Біздің елдеріміздегі тұрғындардың жалпы саны – 240 миллион. Осының бәрі Каспийге қатысты мәселелер кешенін бірлесіп шешу қажеттігін туғызды", - деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті Конвенцияны Каспий теңізінің суын, түбін, қазба байлықтарын, табиғи ресурстары мен әуе кеңістігін қоса алғанда, Каспийге қатысты тараптардың құқықтары мен міндеттерін реттейтін негізгі жан-жақты құжат болып саналатынын айтты. Сонымен қатар Мемлекет басшысы Каспий маңы елдерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, төтенше жағдайлардың алдын алу мен оларды болдырмау, әскери қызметтері мәселелеріне айрықша назар аударды.

Нұрсұлтан Назарбаев Конвенцияға қатысушы елдер қызметтерінің негізін қалайтын қағидаттарға ерекше тоқталып, соның ішінде Каспий теңізі аймағын бейбітшілік, тату көршілік және достық өңіріне айналдыру қажеттігін, оны бейбіт мақсатта пайдаланып, елдердің егемендігі мен аумақтық тұтастығын құрметтеу керектігін, сондай-ақ, Каспий теңізінде тараптарға қатысы жоқ қарулы күштер болмауға тиіс екенін айтты.

Мемлекет басшысы Конвенцияның Каспий маңы елдері арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға зор мүмкіндік беретініне тоқталып, осы бағыттағы бірқатар қосымша шараларды атап өтті. 

"Каспий теңізінің саяси тұрғыдан тұрақсыз аймаққа жақындығы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында Каспий маңы мемлекеттерінің өзара тиімді әрі нақты іс-қимылдарды пысықтауды талап етеді. Осыған орай әскери қызмет саласындағы сенім шаралары үшін бес жақты келісім жасауды ұсынамын", – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев инвестициялық ықпалдастықты одан әрі дамытып, энергетикалық және геологиялық барлау саласындағы жобаларды жүзеге асыру үшін Конвенция мен қол қойылған құжаттардың мүмкіндіктерін толық көлемде пайдалану қажеттігін атап өтті.

Мемлекет басшысы көлік-транзит қуатын арттыру үшін тариф саясатын жетілдіріп, Конвенцияға қатысушы елдердегі тасымалдау жағдайын жақсартуды ұсынды.

"Каспий теңізінің керемет экологиялық жүйесін сақтау үшін биологиялық ресурстарды заңсыз кәсіпке айналдырғандарға қарсы күрес жүргізу жөнінде арнайы құжат қабылдау қажет", - деді Қазақстан Президенті.

Соңында Нұрсұлтан Назарбаев Конвенцияға және бірқатар екі жақты құжаттарға қолқою Каспий маңы мемлекеттерінің  достық қарым-қатынастарын көрсететінін, бірлесіп тығыз ынтымақтастық орнатып, Каспий теңізіне ұқыпты қарау керектігін айтты.

"Мен әріптестеріме – барлық елдің басшыларына, сондай-ақ  Конвенцияны әзірлеген арнайы жұмыс тобына өте маңызды жұмыс атқарғаны үшін ризашылығымды білдіремін. Сіздер болмасаңыздар бүгінгі жетістікке жетпеген болар едік. Ақтау саммитінің қорытындылары Каспий теңізіндегі жан-жақты іс-қимылдарымызды ілгерілетуге өз үлесін қосатын болады", - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Осы орайла көптеген сарапшылар "Каспий бестігі" бекіткен Конвенцияны Каспий Конституциясы деп қабылдайтындықтарын жеткізуде.

Ендігі кезекте Каспий теңізінің үстіңгі бөлігі тараптар үшін ортақ қолданыста қала береді. Ал теңіз түбі мен қойнауын көршілес мемлекеттер халықаралық құқық негізіндегі келісімге сәйкес аумақтарға бөледі.  

Конвенцияда көрсетілген мәтінге сәйкес ұлан-ғайыр су айдынына Каспий маңы мемлекеттерінен басқа елдердің Қарулы күштерінің кіруіне жол берілмейді. Яғни, теңіз қауіпсіздігі мен оның ресурстарын басқаруға жауапкершілік бес тарапқа бірдей жүктеледі.

Сондай-ақ, Каспийдегі кеме қатынасы, балық аулау, ғылыми зерттеу жұмыстары мен су алабы қайраңына құбырлар желісі торабын төсеу тараптар өзара мәмілеге келуімен жүзеге асатын ережеге сәйкес жүргізіледі.

Айта кетейік, ірі көлемдегі теңіз жобаларын жүзеге асыру кезінде Каспий экологиясына нұқсан келмеуі міндетті түрде назарға алынады.

Бұған дейін Ақтау қаласында Каспий маңы елдерінің бесінші саммиті басталғанын хабарлағанбыз. Қазақ мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ақтау саммитін ашып, күн тәртібіне қойылған негізгі мәселелерді атап өтті.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар


Материалды әзірлегендер: