Каспий жағасындағы шаһарда қолға алынған "Жартасты соқпақ" жобасы биыл аяқталады - Жаңалықтар | BNews

Каспий жағасындағы шаһарда қолға алынған "Жартасты соқпақ" жобасы биыл аяқталады

26 шілде, 18:29 2584 Маңғыстау облысы
Каспий жағасындағы шаһарда қолға алынған

Ақтау қаласындағы жарқабақ үңгірлер абаттандырылып, туристік орындарға айналып келеді.

Каспий жағасындағы шаһарда осы жылы қолға алынған "Жартасты соқпақ" жобасы биыл аяқталады деп жоспарланып отыр. Ақтау қаласының әйгілі теңіз бағдаршамы тұрған "Бор" мүйісіндегі жарқабақ үңгірлер абаттандырылып, туристік орындарға айналып келеді. Теңізге кірген жерге жаяу жүргінші жолдары, көпшілік-мәдени демалыс кешендері салынып, электр қуатын аз тұтынатын түрлі-түсті шамдар орнатылуда. Жалпы ұзындығы үш шақырымнан асатын жағажайды көркейту келесі жылы да жалғасады, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.

Қазіргі таңда қала әкімдігі 4-ші шағынаудан мен "Сарбаз" жағажайында кезінде жекеменшікке өтіп кеткен жер телімдерін қайтарып алуға басты назар аударып отыр.

Ақтаудың төменгі бөлігімен қосылатын теңіз жағалауын өлке тұрғындары "Сарбаз" жағажайы деп атайды. Қала әкімдігі бұл жерлерде абаттандыру жұмыстарын жүргізуге дайын. Алайда, ең алдымен түрлі жолдармен жекеге берілген жер телімдерінің мәселесі шешілу керек.

Маңғыстау облыстық жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасының басшысы Рахат Елтизаровтың айтуынша, Ақтау қаласы бойынша теңіз жағалауындағы жерлердің барлығына 2017 жылы ескертулер жасалған. Бір жыл ішінде алынған жерлер игерілмесе, олар сот арқылы мәжбүрлеп қайтарылатын болады.

"Біз сотқа береміз. Жеңілгеннен кейін сот орындаушылары үш кезек аукционға шығарады. Егер де, ол аукцион өтпеген жағдайда жер телімдері мемлекетке қайтарылады", - дейді құзырлы орган өкілі.

Таяу күндері Ақтаудағы "Маяк" тұрғын үй массивінде тұрған 10 коттедж иесі мемлекет меншігіндегі жер телімдерін заңсыз иеленіп алғаны анықталды. Жергілікті халық "Бор" мүйісі деп атап кеткен жағалаудағы екі қабатты үйлер теңізде демалушылар өміріне қатер төндіріп тұр.

Дәлірек айтсақ, жекелеген тұрғындар баспана салуға рұқсат берілген 10 сотықтан артық жерге темір шарбақ орнатып, үйінің айналасын қоршап алған. Нәтижесінде, адамдар Каспийге жартасты жағалаудағы тар жермен жүріп жетуге мәжбүр. Кей жерлердегі жаяу жүргінші жолы мүлдем жабылған. Қала әкімдігі былтыр осы 10 коттедж иесіне бірнеше рет жазбаша түрде ескертпе беріпті. Алайда, шыққан нәтиже болмаған соң сотқа жүгінді.

"Нәтижесінде, қазіргі таңда төрт учаске өздігімен қалпына келтірілді. Бір учаске бойынша әлі сот процестері жүруде. Қалған бес учаске бойынша сот шешімі шықты. Соттың атқару парағы шыққаннан кейін сот орындаушылары тарапынан мәжбүрлі түрде қалпына келтірілетін болады. Қала әкімдігі осы жұмыстарды ұдайы бақылауда ұстап отыр", - дейді "Ақтау қалалық жер бөлімі" ММ басшысы Ерұлан Кенған.

Теңіз жағалауын көркейту жұмыстарына кедергі келтіруі мүмкін делінген кешендер қатарында шипажай мен яхта-клуб бар. Соңғысы - шалғай өңірде баламасы жоқ жалғыз нысан. Ғимарат иесі рұқсат қағаздарын бірнеше жыл бұрын жасап алған. 30 жыл ішінде өз қаржысына клуб айналасын қоршатып, пирс орнатқан.

"Аймақтағы бірегей яхта-клуб әйгілі "Мыс" мүйісінде орналасқан. Өңірге келетін саяхаттаушылар қаланың басты көрнекті орындарының бірі ретінде бізге келеді. Осы тұрғыдан клубты басқа жерге көшіру туралы жоспарымыз жоқ. Мысалға, Ресейдегі Севастополь қаласын алайық. Ол жерде біз секілді яхта клубтары шаһар шетінде емес, дәл ортасында тұр. Яғни туристермен қатар, қала тұрғындарының да сүйікті орнына айналған", - дейді Ақтау яхта клубының командоры Сергей Кулькин.

Сонымен, теңіз жағалауындағы қала шетінде жаңа демалыс аймағының қашан орнайтыны белгісіз. Қазіргі таңда негізгі құрылыс жұмыстары "Жартасты соқпақ" жобасына бағытталған. Демек, аймақ тұрғындары қала жағажайының жаңартылған тұжырымдамасымен келер жылы таныса алады.

Бұған дейін Ақтаудың 15-ші шағынауданымен шектесетін теңіз жағалауы бастан-аяқ абаттандырылып жатқаны, ұзындығы 24 орындық автотұрақ пен мәдени іс-шаралар өтетін сахна салынатыны туралы хабарлаған болатынбыз.

Жалпы құны 1 млрд 24 млн теңге жобаны жүзеге асыруға бірнеше арнайы техника мен 100-ден аса адам жұмылдырылған. Қазір құрылыс жұмыстарының бастапқы кезеңі кестеге сәйкес жүріп жатыр. Жағажай бойымен электр қуатын аз тұтынатын шамдар ілініп, гүлзарлар мен орындықтар қойылады. Сондай-ақ, теңізден 100 метр қашықтыққа басқыштары ұлттық нақышта безендірілген баспалдақ орнатылады.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас жаңалықтар

`

Серіктестер жаңалықтары

Материалды әзірлегендер: