Қазақстан астанасында жасанды жүрек донор жүрегіне алмастырылған бірегей ота жасалды

01 тамыз, 2018, 17:27 1820 Астана
Қазақстан астанасында жасанды жүрек донор жүрегіне алмастырылған бірегей ота жасалды

Әлем бойынша алғаш рет жасалған мұндай күрделі отаны көруге шетелден 30-ға жуық дәрігер келді.

Әлем бойынша алғаш рет жасанды жүрек донор жүрегіне алмастырылған ота Астанада жасалды. Мұндай күрделі отаны көруге шетелден отызға жуық дәрігер келді. Бұл туралы елордадағы "Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығында" өткен баспасөз конференциясы барысында Орталықтың басқарма төрағасы Юрий Пя айтып берді, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.

Оның сөзінше, Қазақстанда барлығы үш адам жасанды жүрекпен өмір сүреді. Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығында солардың бірінің жасанды жүрегі донор жүрегімен алмастырылды. Осылайша, әлемде алғаш рет қазақстандық пациентке қос күрделі ота қатар жасалып отыр.

CARMAT жүрегі - толығымен жасанды жүрек, ол жүректі ауыстыра алатын 1000 грамм салмағы бар биопротез. Бірінші CARMAT имплантациясының операциясы 2017 жылдың 19 қазанында Астанада жүрек жетіспеушілігі бар 60 жастағы науқас Құнанбай Абыраевқа жасалды. 8 айдан кейін, яғни 2018 жылдың 19 маусымында пациентке донорлық жүрек трансплантацияланды. Әзірге ол кардиохирургия орталығында жатыр.

Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығының басшысы мұндай жасанды жүректі алмастыру отасы қандай жағдайда ақысыз жасалатынын түсіндірді.

"Қазақстан халықаралық зерттеуге енгендіктен, жасанды жүректі жасаған компания сол механикалық органды тегін береді әрі отасы да тегін жасалады. Негізі, CARMAT жүрегінің құны 1 млн еуроға дейін жетеді. Арнайы сынақ нәтижесі CARMAT жүрегінің 7 жылдан астам уақыт бойы қызмет ететінін көрсеткен", - деді Юрий Пя. 

Сондай-ақ, ол ота жасалған пациенттің жүрек алмастырғанға дейінгі қал-жағдайы туралы баяндап берді.

"Тоғыз ай бұрын жасанды жүрекпен жүрген Құнанбай Абыраев донорлық жүрекке дайын болмады. Жасанды жүрек салғаннан кейін оның басқа органдары: бауыр, өкпе, бүйрек және тағы басқа органдарының функциясы жақсарды. Біз бұны имплантациядан кейін бірден байқадық. Үш айдан кейін оның өкпе артериясындағы қан қысымы да қалпына келді. Осындайда донорлық жүректі салуға болады. Сөйтіп, үш айдан кейін біз пациентке донорлық жүректі іздеуге кірістік. Себебі, донорлық жүрек жасанды жүрекке қарағанда өмір сүру сапасын біршама жақсартады", - деп сөзін толықтырды кардиохирург.

Дәрігердің берген мәліметіне сүйенсек, қазіргі уақытта донор жүрегі салынған пациенттің жағдайы жақсы.

"Жасанды жүректі донорлық жүрекпен алмастыру операциясы 12 сағатқа созылды. Әлем бойынша алғаш рет жасалған отаны көруге шетелден 30-ға жуық дәрігер келді. Қазіргі кезде пациенттің жағдайы жақсы. Ол өз күшімен жүріп, тұра алады", - деді Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығының басшысы.

Сөз соңында Юрий Пя адамның өмірін ұзарту үшін олар қолдан келгеннің барлығын жасауға дайын екендіктерін және сол үшін кез келген мүмкіндікті пайдаланатындарын атап өтті.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар


Материалды әзірлегендер: