Қазақстан балеті тұңғыш рет Монакода қойылады

14 қыркүйек, 2018, 16:56 3105
Қазақстан балеті тұңғыш рет Монакода қойылады

Бұл шара "Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында ұйымдастырылып отыр.

Монако княздігінде "Астана балеттің" кештері өтеді, деп хабарлады Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты. Бұл шара Мәдениет және спорт министрлігінің мұрындық болуымен, "Рухани жаңғыру" ұлттық бағдарламасының "Жаһандағы заманауи Қазақстан мәдениеті" жобасының аясында ұйымдастырылып, түрлі жанрдағы хореография өнері паш етілмек.

"Еліміз хореография өнерін Монако княздігінде тұңғыш рет көрсетпекші. "Астана Балет" театрының Grimaldi Forum ірі орталығының сахнасында өнер көрсетуі Астанамыздың 20 жылдық мерейтойына орайластырылып отыр. Осы уақыт аралығында елордамыз Еуразия кеңістігіндегі қоғамдық-саяси және мәдени өмірдің орталығына айналып үлгерді. Біздің би труппамыздың балет спектаклі Оңтүстік Еуропаның ғажайып қаласының тұрғындары мен қонақтарына тосын сый болар деген үміттеміз", - деп атап өтті, театр директоры Валерий Күзембаев.

"Астана Балет" театрының қолтаңбасы бай классикалық мұра мен заманауи балет өнерінің негізінде қалыптасып, соның арқасында ұлттық биді дамытып, оны жаңа деңгейге көтеріп күллі әлемге паш ету мүмкіндігі туды. Театр қазақ биін зерттеу мен оны заманға сай ой елегінен өткізуге ерекше мән беріп, ұлттық бидің пластикалық үйлесімділігі мен көркін аша түсетін тың хореографиялық миниатюралар шығарып келеді.

"Астана Балет Гала" концерттік бағдарламасында ұлттық хореографияның үздік туындыларының жаңа интерпретациясымен қатар, труппа репертуарындағы неоклассикалық миниатюралар да көрсетілмек. Ұлттық хореографиялық пластика – қазақ мәдениетінің даралығын танытудың негізгі тәсілдерінің бірі. Сол себепті, ұлттық би "Астана Балет" атты жас театрдың барлық гастрольдік сапарларына әр береді.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар