Қазақстан ИКАО авиациялық қауіпсіздік бойынша аудиттен өтті - Жаңалықтар | BNews

Қазақстан ИКАО авиациялық қауіпсіздік бойынша аудиттен өтті

31 қаңтар, 13:08 901
Қазақстан ИКАО авиациялық қауіпсіздік бойынша аудиттен өтті

Қазақстанның жаңа көрсеткіші орташа әлемдік деңгейден (72%) 11%-ға асып тұр.

Қазақстан Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) авиациялық қауіпсіздік бойынша аудитінен табысты өтіп, халықаралық стандарттарға сәйкестігінің жоғарғы деңгейін дәлелдеді. Бұл туралы ҚР Инвестициялар және даму министрлігі Азаматтық авиация комитетінің Facebook-тегі ресми парақшасында мәлім болды, деп хабарлайды BNews.kz.

"ҚР ИДМ Азаматтық авиация комитетінің ИКАО талаптарына сәйкестігі ресми түрде 83%-ды құрап, 2009 жылғы аудиттің қорытындысы 62%-бен салыстырғанда 21%-ға жоғарылады. Қазақстанның жаңа көрсеткіші орташа әлемдік деңгейден (72%) 11%-ға асып тұр", - деп мәлімдеді комитетте.

Айта кетейік, ИКАО аудиті – мемлекеттің азаматтық авиация саласының қауіпсіздік жүйесін бағалаудағы ең объективті құралдардың бірі. Елеулі ескертпелер мен ИКАО аудитінің төмен бағалауының салдарынан басқа елдерге ұшуға тыйым салу сияқты шектеулер қойылуы мүмкін. 

2017 жылдың қараша айында ИКАО комиссиясы әуежайлардың қауіпсіздік жүйесін кешенді тексеру мақсатында авиациялық қауіпсіздік бойынша аудит жүргізді. Сарапшылардың бағалауы 480 мәселе бойынша жүргізілді.

Ал, 2009 жылғы аудитті өту кезінде тексеру 299 мәселе бойынша жүзеге асырылған болатын. Бұл авиациялық қауіпсіздік мәселелері бойынша ИКАО талаптарының күшейтілгенін көрсетеді. Бұл ретте, мемлекеттердің ИКАО тексерісінен өту қиындап тұрған тұста халықаралық сарапшылардың тарапынан Қазақстанның жоғары баға алуы көрсеткіштің маңыздылығын арттыра түседі.

2017 жылғы Аудит қорытындысы бойынша авиациялық қауіпсіздік деңгейі жөнінен Қазақстан әлемдегі озық елдер қатарынан орын алды.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас жаңалықтар

`

Серіктестер жаңалықтары