Қазақстан мен БАӘ арасындағы тауар айналымы жарты миллиард долларға жетті - Жаңалықтар | BNews

Қазақстан мен БАӘ арасындағы тауар айналымы жарты миллиард долларға жетті

02 ақпан, 15:17 1597 Астана
Қазақстан мен БАӘ арасындағы тауар айналымы жарты миллиард долларға жетті

ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова Біріккен Араб Әмірліктерінің ҚР Төтенше және Өкілетті елшісі Мұхаммед әл-Джабермен кездесті, деп хабарлайды BNews.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Кездесу барысында Қазақстан мен Әмірліктер арасындағы өзара ықпалдастықтың қазіргі жағдайы, сондай-ақ саяси, экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықтың перспективалары талқыланды.

"Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Біріккен Араб Әмірліктерінің басшысы шейх Халифа Әл Нахаянның тығыз әрі өзара сенімді байланыстарының арқасында елдеріміз арасында достық қарым-қатынас орнады", – деді Мемлекеттік хатшы.

Г.Әбдіқалықова Қазақстанның 4.0-Индустриясы элементтерін енгізуді және әлемнің озық дамыған отыз елінің қатарына қосылуды көздейтін Мемлекет басшысының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты жолдауын іске асыруға кіріскенін атап өтті.

"Біз БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесіміз. Таяуда Нұрсұлтан Назарбаев Қауіпсіздік Кеңесінің отырысындағы сөйлеген сөзінде халықаралық қарым-қатынаста саяси сенім мен жүйелі диалогтың маңызды екеніне назар аударған болатын", - деді Мемлекеттік хатшы.

Гүлшара Әбдіқалықова «Астана» халықаралық қаржы орталығы мен Әмірліктердің қаржы орталықтары арасында өзара белсенді іс-қимылды жалғастырудың маңызды екенін атап өтті.

Соңында Мемлекеттік хатшы Біріккен Араб Әмірліктерінің Халықаралық "Астана ЭКСПО-2017" мамандандырылған көрмесіне белсенді атсалысқаны үшін ризашылық білдіріп, Дубайдағы келесі ЭКСПО-2020 көрмесінің жоғары деңгейде өтетініне сенім білдірді.

"Қазақстан Біріккен Араб Әмірліктерімен толыққанды стратегиялық серіктестік орнатуға мүдделі және ЭКСПО-2020 көрмесіне белсенді атсалысатын болады", - деді Г.Әбдіқалықова.

Қазақстан Республикасы мен Біріккен Араб Әмірліктері арасындағы тауар айналымы 2017 жылғы қаңтар-қараша аралығында 590,3 миллион АҚШ долларын құрады. 2005-2017 жылдары Әмірліктерден Қазақстанға келген тікелей инвестицияның жалпы көлемі шамамен 2 миллиард АҚШ долларына жетті.

Қазақстанда Әмірліктер капиталының қатысуымен 233 бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді. Ең ірі екіжақты инвестициялық жоба – құны 1,2 миллиард АҚШ доллары болатын "Абу Даби Плаза" көп функционалды кешені.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас жаңалықтар

`

Серіктестер жаңалықтары