Қазақстан мен Өзбекстан Парламенті спикерлері ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды

26 қараша, 2018, 10:41 1746 Астана
Қазақстан мен Өзбекстан Парламенті спикерлері ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды

Кездесу барысында Қазақстан мен Өзбекстан парламентшілері арасындағы ынтымақтастықтың өзекті мәселелері талқыланды.

Бүгін Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин мен Өзбекстанның Олий Мажлис Заң шығару палатасының спикері Нурдинжон Исмоилов Ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды, деп хабарлайды BNews.kz Парламент Мәжілісінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.   

Қазақстан-Өзбекстан парламентаралық ынтымақтастығының жаңа кезеңін ашатын тарихи құжатқа Өзбекстан Республикасының Олий Мажлис Заң шығарушы палатасының спикерінің біздің елімізге екіжақты қарым-қатынас тарихындағы алғашқы ресми сапары аясында қол қойылды.

Кездесу барысында Нұрлан Нығматулин мен Нұрдинжон Исмоилов Қазақстан мен Өзбекстан парламентшілері арасындағы ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылады.

Тараптар соңғы екі жылда Қазақстан-Өзбекстан қарым-қатынасының қарқынды өсуін атап өтті. Екі елдің президенттері Нұрсұлтан Назарбаев пен Шавкат Мирзиёев арасында қол жеткізілген уағдаластықтар жақсы тату көршілік және өзара түсіністік негізінде дамып келе жатқан сындарлы ынтымақтастықтың үлгісін толық көрсетіп отыр.

"Қазақстан мен Өзбекстан Президенттері Нұрсұлтан Назарбаев пен  Шавкат Мирзиёевтің көреген, салиқалы саясатының, сонымен бірге, достық пейілдерінің арқасында бүгінде екі ел арасындағы ынтымақтастық өте жоғары деңгейге көтерілді. Соның нәтижесінде Қазақстан Парламенті Мәжілісі мен Өзбекстан Олий Мажилісі арасындағы әріптестікте жыл сайын жаңа бағытта дами беретіні сөзсіз", - деді Нұрлан Нығматулин.

Өз кезегінде тұңғыш рет келген Олий Мажлис Заң шығарушы  палатасының спикері аз уақыттың ішінде біздің еліміздің дамыған елдермен иық теңестіргенін алға тарта келіп, Қазақстанның даму қарқынына таңданысын жасырмады. Нұрдинжон Исмоилов Қазақстан Президентін жаңа мемлекеттің, Астанадай әсем қаланың сәулетшісі деп атап,  халық үшін, өскелең жастар үшін жасап жатқан орасан еңбегіне шексіз құрметпен қарайтынын жеткізді.

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің және Өзбекстан Республикасының Олий Мажлисінің Заң шығарушы палатасының қол қойған Меморандумына сәйкес, олар екі ел арасындағы достық қарым-қатынастарды нығайту мүддесінде парламентаралық ынтымақтастықты дамытады. Сонымен қатар, тараптар өздерінің құзыреті шегінде екі жақты ынтымақтастықтың құқықтық базасын кеңейтуге, мемлекеттер арасындағы халықаралық шарттардың мерзімінен бұрын ратификациялауына және күшіне енуіне ықпал етеді.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар