Қазақстан мен Түркия тауар айналымын жылына 5 миллиард долларға жеткізуге келісті
Мемлекет басшысы Қазақстан мен Түркия арасындағы қарым-қатынастардың стратегиялық сипатын атап өтті.
Нұрсұлтан Назарбаев Түркия Республикасына ресми сапарының қорытындысы бойынша бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері үшін брифинг өткізді, деп хабарлайды BNews.kz Ақорданың ресми сайтына сілтеме жасап.
Бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің алдында сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы қонақжайлық көрсеткені үшін Түркия Республикасының Президенті Режеп Ердоғанға ризашылық білдіріп, өткен президент сайлауындағы жеңісімен құттықтады.
Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан мен Түркия арасындағы қарым-қатынастардың стратегиялық сипатын атап өтті.
"Ортақ тарих пен рухани құндылықтарға негізделген қарым-қарынастарымыз қарқынды дамып, барлық бағыттар бойынша нығая түсуде", – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы Түркия Республикасының Президенті Режеп Ердоғанмен өткен келіссөз нәтижелеріне жан-жақты тоқталды.
"Бүгін Түркия Президентімен мазмұнды әрі нәтижелі келіссөз өткіздік. Бұл кездесу өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасуға мүмкіндік берді. Жалпы, Астана мен Анкара өңірлік және халықаралық проблемаларды әрдайым ашық талқылайтынын атап өткім келеді. Бұл мәселелер бойынша біздің ұстанымдарымыз ұқсас", – деді Қазақстан Президенті.
Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев бүгін өткен Қазақстан мен Түркия арасындағы Жоғары деңгейдегі стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің үшінші отырысы екі жақты қатынастарға одан әрі тың серпін беретініне сенім білдірді.
Мемлекет басшысы екі елдің саяси диалог пен бауырлас халықтардың достығын әрі қарай нығайтып, тереңдете түсуге мүдделі екенін айтты.
Сонымен қатар, Қазақстан Президенті екі мемлекет арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық мәселелеріне тоқталды.
"Қазір елімізде түрік капиталының қатысуымен құрылған 1800-ден астам кәсіпорын бар. Тауар айналымының көлемі өткен жылы шамамен 2 миллиард доллар болды. Бұл көрсеткішті болашақта 5 миллиард долларға жеткіземіз деп келістік", – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Нұрсұлтан Назарбаев "Жаңа синергия" атты бірлескен бағдарламаны жүзеге асырудың аралық қорытындыларын атап өтіп, "түрік бизнесінің капитандарымен" жүргізілген келіссөздердің нәтижелеріне тоқталды.
"Жалпы, сапарым барысында құны 2 миллиард долларға жуық коммерциялық жобаларға қатысты келісімдерге қол қойылды. Алдағы уақытта бүгінгі қол жеткізген уағдаластықтарды жүзеге асыру үшін күш жұмылдыруымыз қажет", – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті түрік инвесторларын Ақтау және Құрық порттары негізінде жұмыс істеп жатқан көлік-логистика хабын дамытуға белсенді атсалысуға шақырды.
"Бүгінгі келіссөздер барысында біз көлік-транзит, мұнай-газ, әскери-техникалық, ауыл шаруашылығы, туризм, мәдениет, білім, ғылым және технология салаларындағы ынтымақтастығымызды талқыладық. Біз осы бағыттар бойынша өзара ықпалдастығымызды нығайтуға уағдаластық", – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Режеп Ердоған Қазақстан Президентіне ресми сапары үшін ризашылық білдіріп, өткен кездесулердің нәтижесін жоғары бағалады.
Түркия Республикасының Президенті сауда-экономикалық байланыстарды кеңейту, білім және мәдениет салаларындағы ынтымақтастықты тереңдету мәселелеріне қатысты келіссөздердің маңызды нәтижелеріне тоқталып, оның оң қарқынын атап өтті.
Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!
Читайте также
Ұқсас жаңалықтар
-
Нұрсұлтан Назарбаев "Astana Group" компаниялар тобының басшысын қабылдады
-
Назарбаев: Ядролық державалар арасындағы текетірес әлем жұртшылығын алаңдатып отыр
-
ҚР Президенті Satbayev University ректорын қабылдады
-
Әшімбаев Назарбаевқа партияның XVIII съезіне дайындық барысы туралы баяндады
-
Мемлекет басшысы Конституциялық Кеңеске жүгіну себебін түсіндірді
-
Назарбаев Астанада өрт салдарынан қаза тапқан бес баланың ата-анасына көңіл айтты
-
Конституциялық Кеңес ҚР Президентінің өтінішін қабылдады
-
Мәжіліс депутаттары Маңғыстау облысында мұнай өндіру саласының жұмысымен танысты