Қазақстан мүгедек жандар арасында өтетін парашюттен секіру бойынша халықаралық фестивальге қатысады - Жаңалықтар | BNews

Қазақстан мүгедек жандар арасында өтетін парашюттен секіру бойынша халықаралық фестивальге қатысады

24 шілде, 18:42 2160 Астана
Қазақстан мүгедек жандар арасында өтетін парашюттен секіру бойынша халықаралық фестивальге қатысады

Еліміз мұндай халықаралық дәрежедегі спорт сайысында биыл алғаш рет өнер көрсетпек.

Қазақстан биыл алғаш рет мүмкіндігі шектеулі жандар арасында өтетін парашюттен секіру бойынша Ресейде өтетін халықаралық фестивальге қатысады. Бұл туралы бүгін Астанадағы "ДОС" тәуелсіз өмір" орталығы мүгедек жандардың қоғамдық бірлестігінде өткен "Мүгедектігі бар жандар үшін Қазақстандағы парашюттен секіру спорт түрінің дамуы мен ілгерілеуі" атты баспасөз конференциясы барысында аталған қоғамдық бірлестіктің атқарушы директоры Қарлығаш Тынабекова мәлімдеді, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.  

Оның айтуынша, аталған қоғамдық бірлестік мүгедектігі бар адамдар арасында спорттық-экстремалдық туризмді дамыту бағытында "Инватуризм КЗ" жобасын іске асырып жатыр.

"Іс-шараның мақсаты – мүгедек жандарды парашютпен секіруге тарту, әлемдік спорт қоғамдастығында олардың қатысуымен парашютпен секірумен айналысатын жаңа спорт алаңын кеңінен тарату, халықаралық ынтымақтастықты құру мен нығайту мәселелерін шешуде тәжірибе алмасу арқылы физикалық жағынан мүмкіндігі шектеулі адамдарды әлеуметтік және психологиялық оңалтуға үлес қосу", - деді атқарушы директор.

Қоғамдық бірлестіктің атқарушы директорының мәліметінше, 2018 жылдың 25-29 шілде аралығында Ресей Федерациясының Рязан облысында Парашюттен секіру спорты бойынша үшінші халықаралық фестиваль өткізіледі.

"Бұл фестиваль үш жыл бұрын Франция елінде бастау алып, кейін Беларусь Республикасында өткізілген болса, енді биыл Ресейде жалғасын тауып отыр. Фестиваль барысында биіктіктен парашютпен секіру бойынша шеберлік сағаттары көрсетіледі. Қазақстан мұндай спорттық шараға алғашқы рет қатысып отыр. Еліміздің атынан біздің Қоғамдық бірлестіктен төрт адамнан құралған "Небо – Астана" командасы сайыста өнер көрсетеді. Олардың қатарында парашюттен секіру спортының жаттықтырушы маманы, фото-видеооператор, PR менеджер және құрама команданың мүшесі Жаннат Бабағұлова бар. Олар ертең таңда Ресейге ұшып кетеді. Команданың барлық шығынын біздің Қоғамдық бірлестік өз мойнына алып отыр", - деп хабарлады Қарлығаш Тынабекова.

Сонымен қатар, ол мұндай халықаралық деңгейдегі экстремалды спорт түріне қатысу тәжірибесі барша жастарға қорқыныштарын жеңіп, осы спортқа келем деген азаматтарға үлкен бастама болады деген ой білдірді.

Әуесқой споршы Жаннат Бабағұлова халықаралық фестивальге шақырту алғанын білгенде қатты қобалжығанын еске алды. Ең бірінші Астана қалалық парашют спорты федерацясының төрағасы Сергей Кобелевпен сөйлесіп, содан кейін "ДОС" тәуелсіз өмір" орталығы мүгедектер қоғамдық бірлестігінің төрайымы Дина Ердилдинованың фестивальге команда жіберу идеясынан соң нақты шешім қабылдаған.

"Қанша жылдан бері парашютпен секіргім келетін. Танысым парашют клубында әуесқой спортшы екен. Ол маған клуб жұмысы, парашютпен секіру туралы айтып берді. "Жазық далаға мен де барсам бола ма?" деп сұрадым, ол "әрине болады, кеттік" деді. Мені Сергей Кобелев күтіп алды, таныстым. Кәсіби спортшылардың бір-бірін қалай құрметтейтінін, парашютпен секіруді қалай сүйетінін өз көзіммен көріп, олардың атмосферасы маған өте керемет ұнады. Отбасымен, балаларымен жүрді. Даладағы атмосфера, шөптің иісі, парашютпен секірудегі көрініс, бәрі мені өзіне қатты тартып, содан кейін осы спортпен айналыса бастадым. Қазақстанда мүгедектер арасында парашют спортының болашағы зор деген ойдамын. Бұл біздің еліміз үшін де, мүгедек жандар үшін де үлкен бастама", - деді Жаннат Бабағұлова.

Журналистердің "Ресейде өтетін бұл халықаралық фестиваль сайыс түрінде ұйымдастырылып жатқан болса, онда оның нәтижесі қалай анықталмақ, спортшыларға қандай көрсеткіштерге сүйене отырып баға беріледі?" деген сұрағына Жаннат Бабағұлова сайыстың қалай өткізілетіні туралы айтып берді.

"Әрине, бұл әдеттегідей сайыс ретінде өткізілетін іс-шара. Барлық қатысушы көрсеткен өнеріне сәйкес бағаланады. Яғни, спортшы биіктіктен "Тандем" арқылы, нақтырақ айтар болсам, инструктормен бірге секіріп, жерге қонғанға дейін барынша түрлі әдіспен іс-әрекеттер жасауы керек. Жасалған іс-әрекеттерді спортшымен қатар жоғарыдан секірген видеооператор камераға түсіріп алады. Содан кейін қазылар алқасы сол бейнежазбаны қарап шығып, спортшыға баға береді", - деп түсіндірді әуесқой спортшы.

"ДОС" тәуелсіз өмір" орталығы мүгедек жандардың қоғамдық бірлестігі мен "Астана қаласының парашюттен секіру бойынша спорт федерациясы" қоғамдық бірлестігі арасында алдағы уақытта Қазақстан Республикасында парашюттен секіру спортын дамуы туралы меморандумға қол қойылған.

"Астана қаласының парашюттен секіру бойынша спорт федерациясы" қоғамдық бірлестігі Қоғамдық мәселелер бойынша төраға орынбасары Талғат Сүлейменов күннен күнге парашюттен секіру спортына қызығушылар саны артып келе жатқанын атап өтті.

"Парашюттен секіру спорты Астана қаласында алғаш рет 2015 жылы қолға алынды. Қазіргі уақытта командамызда тұрақты түрде парашюттен секіріп жүрген физикалық тұрғыдан мүмкіндігі шекетеулі 20-25 спортшымыз бар. Олар парашюттен "Тандем" арқылы, яғни білікті маманмен бірге секіреді. Біз мүгедек жандарды үнемі қолдай отырып, олардың арманын іске асыруға көмектесеміз", - деді Талғат Сүлейменов.

Сондай-ақ, ол әр апта сайын Астана әуежайы маңында парашюттен секіру іске асырылатынын айтты.

"Біз Астана әуежайы маңында әр апта сайын адамдарға биіктіктен секіру туралы теориялық тұрғыдан мағлұмат беріп, үйретіп, жаттықтырып, сосын парашюттен секіру шарасын іске асырамыз. Біздің қоғамдық бірлестікке тек мүмкіндігі шектеулі жандар ғана емес, сондай-ақ 12 мүшесі сау адамдар да келеді. Және тек қазақстандықтар ғана емес, сонымен бірге "Парашюттен секіру туризмі" ретінде басқа елдерден де келушілер саны артуда", - деді төраға орынбасары.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас жаңалықтар

`

Серіктестер жаңалықтары

Материалды әзірлегендер: