Қазақстан Президенті шағын және орта бизнесті дамыту үшін қандай қолдау көрсетілетінін айтты

Написать нам
05 қазан, 2018, 12:11 2966 Астана
Қазақстан Президенті шағын және орта бизнесті дамыту үшін қандай қолдау көрсетілетінін айтты

Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі шағын және орта бизнесті дамыту үшін 600 млрд теңге бөлмек.

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев халыққа дәстүрлі Жолдауында шағын және орта бизнесті дамыту үшін қандай қолдау көрсетілетінін айтты. ҚР Ұлттық банкі шағын және орта бизнесті дамыту үшін 600 млрд теңге бөледі, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі. 

"Ұлттық банк Үкіметпен бірлесе отырып қаржы және нақты секторларды сауықтыру, инфляцияға қарсы кешенді саясат жүргізу мәселелерін жүйелі түрде шешуге кірісуі қажет", - деп тапсырды Мемлекет басшысы.

Президенттің айтуынша, экономикалық саясаттың басты бағыты – экспортқа шығу. 

"Ұлттық банк басым бағыттағы өндіріс саласын, шағын және орта бизнесті несиелеу үшін 600 миллиард теңге бөледі. Өңдеу өнеркәсібі мен шикізаттық емес экспортты қолдауға алдағы 3 жылда қосымша 500 миллиард теңге бөлінеді. Экономикалық саясаттың басты бағыты – экспортқа шығу. Әсіресе, шикізатты өңдеу саласына басымдық берген жөн", - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сондай-ақ, ҚР Президенті Ақордада өтіп жатқан биылғы жолдауында 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап шағын және орта бизнеске рақымшылық жүргізуді тапсырды.

"Үкімет көлеңкелі экономика айналымын үш жылда 40 пайызға дейін қысқарту бойынша шаралар қабылдауы тиіс. Бизнес жұмысын жаңадан бастауы үшін, ақ қағаздан бастау үшін 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап кіші және шағын бизнеске салықтық рақымшылық енгізуді тапсырамын", - деді Назарбаев халыққа арнаған Жолдауында.

Нұрсұлтан Назарабаев сонымен қатар, Экономикалық тергеу қызметіне қаржылық мониторинг комитетінің функциясын беру арқылы қайта ұйымдастыру керектігін атап өтті.

"Мұндағы негізгі міндет көлеңкелі экономикамен күрес болуы тиіс. Біз қолма-қолсыз экономикаға қарай жылуымыз керек. Қолма-қол болса ол жерде пара алу, бұзушылық болады, экономика көлеңкеде қалып, салық төлемейді, зейнетақы қорына да, әлеуметтік қорға да ақша аудармайды", - деді Мемлекет басшысы.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар


Материалды әзірлегендер: