Қазақстан Президенті шетелдік дипломатиялық корпус өкілдерімен кездесті

21 қараша, 2018, 20:03 1735 Астана
Қазақстан Президенті шетелдік дипломатиялық корпус өкілдерімен кездесті

Мемлекет басшысы еліміздің сыртқы саясатының іске асырылу барысына тоқталып, осы саладағы бірқатар жетістіктерді атап көрсетті.

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев шетелдік дипломатиялық корпус өкілдерімен кездесті, деп хабарлайды BNews.kz Ақорданың ресми сайтына сілтеме жасап.

Мемлекет басшысы Қазақстанда тіркелген халықаралық ұйымдар және шетелдік дипломатиялық корпус өкілдерімен кездесу барысында елімізде қазіргі кезде азаматтардың әл-ауқатын арттыруға және экономикалық дамуды қамтамасыз етуге бағытталған ауқымды реформалар іске асырылып жатқанын айтты.

"Биылғы Жолдау бағыттарын жүзеге асыру үшін 4 миллиард доллардан астам қаражат бөлінетін болады. Бюджеттік салада жұмыс істейтін 1,3 миллион қызметкердің жалақысы өседі. Адам капиталын дамытып, құқық қорғау жүйесін жаңғырту үшін нақты шараларды іске асыру көзделген. Былтыр Қазақстан экономикасының өсімі 4 пайызға жетіп, әлемдік орташа көрсеткіштен асып түсті", – деді Елбасы.

Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіздік жылдары елімізге шетелден тартылған тікелей инвестиция көлемі 300 миллиард долларға жеткенін атап өтті.

"Халқымыздың бақуатты өмір сүріп, 2050 жылға қарай озық дамыған 30 елдің қатарына қосылуы – тәуелсіз мемлекетіміздің негізгі мұраты. Еліміздің сыртқы саясаты осы ізгі мақсатты іске асыруға бағытталған", – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы еліміздің сыртқы саясатының іске асырылу барысына тоқталып, осы саладағы бірқатар жетістіктерді атап көрсетті.

"Жаһандық бастамалардың арқасында мемлекетіміздің халықаралық аренадағы беделі арта түсті. Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретіндегі қызметінің нәтижелері – соның айқын дәлелі. Жыл басында еліміздің Қауіпсіздік Кеңестегі төрағалығы аясында "Жаппай қырып жою қаруын таратпау: сенім шаралары" атты тақырыппен арнайы отырыс өткіздік. Бұл іс-шара барысында БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі Төрағасының бірегей мәлімдемесі жасалды", – деді Елбасы.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның Еуразия экономикалық одағы аясындағы жобаларды және "Бір белдеу, бір жол" бастамасын іске асыруға атсалысуының нәтижелері жөнінде айтты. Сондай-ақ, еліміздің инфрақұрылымдық даму және көлік-транзит әлеуетінің тиімділігін арттыру мәселелеріне назар аударылды. 

"Астанада Орталық Азия мемлекеттері басшыларының бірінші консультативтік кездесуі өткеннен кейін өңіраралық ынтымақтастық едәуір жанданды. Аймақтағы елдердің барлық көшбасшылары қысқа мерзім ішінде өзара сапар алмасып, кездесулер өткізді. Қазіргі таңда мемлекеттеріміз арасындағы екі жақты сауда ісіне қатысты кедергілер жойылуда", – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы Орталық Азия елдері арасындағы қарым-қатынастардың дамуы бүкіл әлем қоғамдастығы үшін тиімді әрі ерекше маңызды екенін атап өтті.

Сонымен бірге, Елбасы Ақтау қаласында өткен Каспий маңы елдері саммитінің нәтижелеріне тоқталып, "Астана" халықаралық қаржы орталығы жұмысының перспективалары жөнінде айтты.

"Қазақстан әлемнің 184 мемлекетімен дипломатиялық байланыс орнатып, 57 елшілігі мен тұрақты өкілдіктерін ашты. Елімізде шет елдердің 98 елшілігі мен халықаралық ұйымдардың өкілдіктері бар. Біз сыртқы саясатта бейбіт әрі көп векторлы бағытты ұстануды жалғастыра береміз", – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы Қазақстанның Ресей Федерациясымен, Қытай Халық Республикасымен, Америка Құрама Штаттарымен, Орталық Азия және Еуропа Одағы елдерімен қарым-қатынастарының дамуына оң баға берді.

Қазақстан Президенті еліміздің Түркиямен, ТМД және Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының елдерімен, араб және мұсылман әлемі, Латын Америкасы және Африка мемлекеттерімен екі жақты байланыстарды нығайту үдерістеріне ерекше тоқталды.

Елбасы дипломатиялық корпус өкілдеріне арналған сөзінде халықаралық қатынастардағы шиеленістердің шегіне жетуіне байланысты алаңдаушылық білдіретінін айтты.

"Қазіргі әлем "Қырғи-қабақ соғыс" заманына қарағанда көп жақтылығымен ерекшеленеді. Сонымен қатар, жаңа ережелер әлі де анықталған жоқ, соның салдарынан қатерлер мен дағдарыстар көбіне айқын болмай отыр. Осындай жағдайда біз әлемдік ауқымдағы қақтығыстардың ушығуына түрткі болатын жаһандық бәсекенің күшейгенін көріп отырмыз", – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы күн тәртібіндегі жаһандық және өңірлік мәселелерге де назар аударды.

"Басты державалар арасындағы қарым-қатынастардың текетірестік сипаты бірте-бірте шиеленісті тарқатуға бағытталған XX ғасырдағы тиімді тетіктердің күйреуіне әкеле жатыр. Бұл Шығыс-Батыс бағыты бойынша қаруланудың белең алуына әкеп соқтыратын әскери әлеуеттің шектен тыс артуына себеп болады", – деді Қазақстан Президенті.

Елбасы ядролық державалардың жауапкершілік танытып, қару-жарақтарды таратпау және қарусыздану қағидаттары мен идеяларына адалдығын көрсетуге тиіс екенін айтты.

"Диалог пен сенімді қалпына келтіру кең ауқымды ядролық дағдарысқа итермелейтін түрлі жағдайлардың туындау қатерін өршітпеудің берік кепілі болмақ. Мен көптеген жылдар бойы әлемдік қоғамдастық алдында бүкіл адамзат үшін ең негізгі мәселе ретінде ядролық қару-жарақты таратпау режімін күшейту мәселесін көтеріп келемін. Бұған Қазақстанның жаһандық антиядролық қозғалысқа зор үлес қосқан мемлекет ретінде моральдық тұрғыдан толық құқы бар", – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы қару-жарақты таратпаудың және қарусыздану режімдерін нығайтудың жаһандық үдерісіне барлық мемлекеттердің парламенттері мен қарапайым азаматтары белсенді атсалысуы керек екенін атап өтті.

Қазақстан Президенті жер бетінде бейбітшілік пен тыныштық орнатуға бағытталған Жаһандық антиядролық қозғалыс құру халықаралық қоғамдастықтың басты мақсаттарының бірі болуға тиіс екенін айтты.

"Жер шарының түкпір-түкпіріндегі қақтығыс ошақтарын реттеу үшін бірлескен әрі кешенді шаралар қабылдау қажет. Осыған орай Минск процесінің негізгі жақтаушыларының бірі ретінде Қазақстан Украина дағдарысына байланысты күрделі жағдайдан шығу үшін Норманд форматындағы келіссөздердің жанданғанын қолдаған болар еді", – деді Елбасы.

Нұрсұлтан Назарбаев Женева және Астана форматтары аясында Сириядағы қақтығыстарды шешу жөніндегі жұмыстарды жалғастырудың маңыздылығына тоқталды.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Біріккен Ұлттар Ұйымының жанынан Сирия ісі жөніндегі конституциялық комитет құру туралы бастамаға қолдау білдірді.

"Қазақстан мен бүкіл Орталық Азия өңірі үшін Ауғанстандағы ахуалды тұрақтандырудың маңызы зор. Біз бұл елдің әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан қалыпқа келуіне елеулі үлес қосып отырмыз. Ауғанстан қоғамында ішкі диалог орнату жөніндегі жұмыстардың барлық форматына қолдау білдіреміз", – деді Қазақстан Президенті.

Елбасы жан-жақты диалогтың дамуы жауапкершілік пен ұжымдық іс-әрекет қағидатына сәйкес жүргізілуге тиіс екенін айтты.

"Біз АҚШ, Ресей, Қытай және Еуропа Одағы арасындағы байланыстарды қалпына келтіру арқылы ғана жер бетіндегі бейбітшілікті қамтамасыз етіп, санкциялар мен сауда текетірестерінің проблемаларын шеше аламыз. Бұл аса маңызды қадам әлемдік жаңа тәртіпті қалыптастырып, елдер мен халықтардың одан әрі бейбіт өмір сүруі үшін қызмет етуі керек. Сіздер өкілдік етіп отырған дипломатиялық корпус барлық мемлекеттер мен халықтардың игілігі үшін ынтымақтастық пен сенімнің жаңа жолдарын ашуға септігін тигізуге тиіс деп ойлаймын", – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Соңында Мемлекет басшысы бүгінгі кездесу дәстүрге орай жыл соңына қарай өтіп отырғанын айтып, дипломатиялық қызметкерлер мен халықаралық ұйымдардың өкілдерін келе жатқан Рождество және Жаңа жыл мерекелерімен құттықтады.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар