Қазақстан Президенті жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісовпен кездесті

16 қараша, 2018, 14:21 3096 Астана
Қазақстан Президенті жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісовпен кездесті

Кездесу барысында Нұрсұлтан Назарбаев пен Әбдіжәміл Нұрпейісов отандық әдебиетті одан әрі дамытудың перспективаларын талқылады.

Мемлекет басшысы Қазақстанның халық жазушысы, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әбдіжәміл Нұрпейісовті қабылдады, деп хабарлайды BNews.kz Ақорданың ресми сайтына сілтеме жасап.

Кездесуде Нұрсұлтан Назарбаев пен Әбдіжәміл Нұрпейісов мәдениет саласының қазіргі жағдайы жөнінде пікір алмасып, отандық әдебиетті одан әрі дамытудың перспективаларын талқылады.

Әбдіжәміл Кәрімұлы Нұрпейісов 1924 жылы 22 қазанда Қызылорда облысы Арал ауданының Құланды ауылдық кеңесіне қарасты Үшкөң деген жерде дүниеге келген. 

1942-1945 жылдары Ұлы Отан соғысына қатысқан. 1956 жылы Максим Горький атындағы Әдебиет институтын бітірген. 1962-1964 жылдары "Жұлдыз" журналының бас редакторы болды. Қазір халықаралық Қазақ ПЕН клубының президенті.

Әдебиетке 1947 жылдан араласа бастады. Тұңғыш шығармасы – Ұлы Отан соғысы тақырыбына арналған "Курляндия" романы 1950 жылы жарық көрді. Бұл шығармасы үшін жазушыға Жамбыл атындағы республикалық сыйлық берілді. "Курляндия" романын кейіннен өңдеп, толықтырып, 1958 жылы "Күткен күн" деген атпен қайта жариялады. "Қан мен тер" трилогиясы (1-кітап – "Ымырт", 1961; 2-кітап – "Сергелдең", 1964; 3-кітап – "Күйреу", 1970) және "Сең" (1983), "Соңғы парыз" (1999) романдары дүние жүзі халықтарының көптеген тілдеріне аударылған.

"Қан мен тер" романы бойынша жасалған инсценировкасы Мұхтар Әуезов атындағы академиялық қазақ драма театрының (1974 жылдан) репертуарынан тұрақты орын алды, экранға шығарылды. Таңдамалы әдеби-сын мақалалары "Толғау" (кейіннен "Жүрегі толы жыр еді") деген атпен қазақ және орыс тілдерінде жеке кітап боп шықты (1972), 1985 жылы "Ақбидай туралы аңыз" атты очерктер жинағы жарық көрді.

А.П.Чеховтың, А.М.Горькийдің, Назым Хикметтің, испан жазушысы А.Кэсоның шығармаларын қазақ тіліне аударған. 

КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты (1974). 2001 жылы Мәскеудегі Халықаралық Әдеби қордың "За честь и достойнство", 2003 жылы Халықаралық М.Шолохов атындағы сыйлықтардың лауреаты атанды. Қызыл Жұлдыз, Еңбек Қызыл Ту, "Құрмет Белгісі", "Халықтар достығы" (1984), "Отан" (1994) ордендерімен және медальдармен, РСФСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының Құрмет Грамотасымен марапатталған. 1985 жылы Қазақ КСР Халық жазушысы құрметті атағы берілді.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар