Қазақстан, Ресей және БАӘ ғарыш саласында бірлесе жұмыс атқармақ - Жаңалықтар | BNews

Қазақстан, Ресей және БАӘ ғарыш саласында бірлесе жұмыс атқармақ

13 қараша, 2017, 15:53 1189 Астана
Қазақстан, Ресей және БАӘ ғарыш саласында бірлесе жұмыс атқармақ

Дубайда «Dubai Air Show – 2017» XV Халықаралық әуеғарыш көрмесі аясында аталған елдердің ресми өкілдерінің қатысуымен үшжақты ресми кездесу болып өтті, деп хабарлайды BNews.kz .  

Ресми кездесуге ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Асқар Мамин, БАӘ Премьер-министрінің орынбасары, БАӘ Президент ісі жөніндегі министрі шейх Мансұр бен Заид Әл-Нахаян, РФ Үкіметі Төрағасының орынбасары Дмитрий Рогозин қатысты.  

Тараптар келіссөздер барысында ғарыш саласында инновациялық жоғары технологиялық әзірлемелерді қолдана отырып, бірлескен инвестициялық жобаларды дамыту мүмкіндігін талқылады. Әмірлік тарапы «Байқоңыр» ғарыш айлағының қазіргі жағдайымен және оны одан әрі дамыту барысымен танысты.

Кездесу барысында шейх Мансұр БАӘ-нің Қазақстан мен Ресейдің бірлескен «Бәйтерек» жобасына қатысу мүмкіндігін қарауға қызығушылығын білдірді. Болашақта ғарыш саласындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыруға стратегиялық бағдарлама жасап, тараптардың қызметін үйлестіріп отыру мақсатында үшжақты жұмыс тобын құру туралы келісімге қол жеткізілді.

 «Dubai Air Show – 2017» Халықаралық әуеғарыш көрмесі азаматтық және әскери әуе өнеркәсібінің жетекші әлемдік шарасы саналады. Бұл жоғары дәрежедегі әскерилер мен бизнесмендердің назарын аударатын ірі көрмелердің бірі. Мұнда көрме қатысушылары жауапты тұлғалармен және сарапшылармен жақын араласа алады.

Dubai Air Show — екі жылда бір рет өткізілетін әлемдегі ең ірі аэрошоулардың бірі. «Dubai World Central Aerotropolis»-тің көрме ауданы 645 000 м2 құрайды.

 

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар